Меморандум мемлекет Басшысының өндірістік процестерді тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасы аясында, сондай-ақ өңірлердің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету, газбен жабдықтау және экологиялық ахуалды жақсарту, газ құбырларының қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және Әкімдіктер арасында қол қойылды.
Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Сауат Мынбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Қайрат Шәріпбаев, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өз қолдарын қойды.
Меморандумға сәйкес, «ҚазТрансГаз» АҚ:
Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасын газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас сызбасы шеңберінде 3 автоматты газ тарату станциясын (бұдан әрі-АГТС) салуды, газ тарату жүйесін жаңғырту, бұрма газ құбырларын салуды, жеткізуші және жеке сектордағы тұрғын үйлерге дейін ауылішілік газ құбырларын салуды көздеп отыр. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның осы аталған нысандардың құрылысына құятын инвестициясының жалпы көлемі 20,0 млрд.теңгеден асады.
Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасын газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас сызбасы шеңберінде жаңа газ жүйелерін салу, жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырларын төсеу, Жаңаөзен қаласында 3 АГТС бар жоғары қысымды жеткізуші газ құбырларын салу, «Окарем-Бейнеу» магистралды газ құбырынан Шетпе елді-мекеніне дейін АГТС бар бұрма газ құбырын салу, ауылішілік жоғары және орта қысымды жерасты газ құбырларын төсеу, сонымен қатар ауылішілік төмен қысымды газ құбырларын төсеу көзделген. «ҚазТрансГаз» АҚ Маңғыстау облысындағы аталған нысандардың құрлысына құятын инвестициясының көлемі 33,0 млрд.теңгені құрайды, оның ішінде қолданыстағы газ тарату жүйелерін жаңғыртуға 20,0 млрд.теңге жұмсалады.
Меморандумға сәйкес, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жер телімдерін бөліп, газдандыру нысандарын салуға мүмкіндік беретін тиісті рұқсатнамалық құжаттарын әзірлейді. Техника-экономикалық негіздемелер мен жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, болашақта «ҚазТрансГаз» АҚ беріледі.
«ҚазТрансГаз» АҚ бұл жобаларды ұзақмерзімді инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруды көздеп отыр.