Астана - «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов ұлттық компания ұжымына жаңа аппарат басшысын таныстырды.

«Мұрат Аманкелдіұлы, сіздің мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда жинаған мол тәжірибеңіз еліміздің газ саласының дамуына зор үлесін қосады деп сенемін»,-деді Санжар Жаркешов.

Мұрат Дәрібаев Алматы көлік институтын (1996 жылы) және Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетін (2004 жылы) бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институында бастаған.

Мұрат Аманкелдіұлы ҚР Индустрия және сауда министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры, «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ секілді ұйымдарда еңбек еткен. Сонымен қатар, Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бұл қызметке дейін ҚР Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы лауазымында болды.

«Құрмет» орденінің иегері.