«Интергаз Орталық Азия» АҚ Тараз филиалының өндірістік объектілері базасында «Үздік маман» жұмысшылардың кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Байқаудың басты міндеттері – тәжірибе алмасу, жұмыскерлерді өздерінің кәсіби деңгейлері мен дағдыларын арттыруға ынталандыру, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің, әсіресе газ тасымалдау саласында қажетті жетекші мамандықтардың беделін арттыру.
Биылғы жылы 90-нан астам жұмыскер жеңістен үміткер болды, олар өздерінің аймақтық өндірістік филиалдарында алдын-ала сынақтан өтіп, жақсы нәтижелер көрсетті.
Екі күн бойы байқауға қатысушылар өздерінің теориялық және практикалық білімдерін, сондай-ақ дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсету қабілеттерін көрсетті. Байқаудың әділ қазылар алқасы қатысушының теориялық дайындық деңгейін, өндірістік алаңда орындалған жұмыстың сапасын, еңбектің ұтымды әрі қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербестік дәрежесін және тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытын бағалады.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілету мақсатында елімізде келесі 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады.
Байқау жеңімпаздарына дипломдар табысталды, сондай-ақ жоғары кәсіби шеберлігі үшін жалақыға жылдық үстемеақы белгіленді. Жалпы командалық есепте «жүзден жүйрік» шыққан жеңімпаз-филиалға конкурстың басты кубогы – «Үздік маман» ауыспалы кубогы табысталды.