«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Түрікменстанның мұнайы мен газы-2024» (OGT-2024) 29-шы халықаралық конференциясына қатысты. Негізгі баяндамашы ретінде ұлттық компания басшысы жалпы отырыста сөз сөйледі.
Санжар Жаркешов өз сөзінде Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ, QazaqGaz және Түркменгаз арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен аймақта газ саласын дамыту перспективалары туралы өз көзқарасымен бөлісті.
«Қос елдің көшбасшыларының тапсырмасына сәйкес, біз ынтымақтастықты нығайтып, өзара тиімді серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, сенімді түрде алға жылжуды жалғастырамыз», - деді ол.
Конференция барысында Санжар Жаркешов Түрікменстан Премьер-министрінің орынбасары Батыр Амановпен, Түрікменстан Президентінің мұнай-газ мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ашыргулы Беглиевпен және «Түркменгаз» мемлекеттік концернінің төрағасы Мақсат Бабаевпен нәтижелі келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың нақты қадамдары талқыланып, алдағы ынтымақтастықтың нақты мақсаттары анықталды. Айта кету керек, екі елдің газ саласын одан әрі ілгерілету мақсатында құрылған жұмыс тобының отырысы жақын уақытқа жоспарланды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен барған болатын. Сапар барысында QazaqGaz және Түркменгаз арасында газ саласын дамыту бойынша стратегиялық келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі елдің жаһандық энергетикалық нарықтағы позицияларын нығайта отырып, бірлескен жобалардың жаңа көкжиектерін ашады.