«QazaqGaz Барлау және Өндіру» ЖШС Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 51-бабына сәйкес орман екпелерін өтемдік негізде отырғызу жөніндегі міндеттемелерін орындай отырып, Жамбыл облысында ірі экологиялық жобаны іске асыруға кірісті.

Компанияның перспективалық даму бөлімінің басшысы Төлебек Темірхановтың айтуынша, жоба облыстың жеті ауданын қамтиды. Жалпы аумағы 366 гектар болатын бұл жерде 1 миллионнан астам (1 013 000) көшет отырғызылады. Олардың қатарында жиде, терек, қара сексеуіл, алма сияқты ағаш түрлері бар.

Айрақты және Анабай кен орындарын игеру аясындағы көшет отырғызу жұмыстары келесі жылдың көктеміне дейін аяқталмақ. Осыдан кейін компания жас екпелердің жерсінуі мен тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында үш жыл бойы күтім жұмыстарын жүргізеді.

Жоба жергілікті табиғат қорғау органдарымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Жамбыл облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Серік Боранбаевтың айтуынша, тек Жамбыл ауданындағы мемлекеттік орман қоры аумағында орналасқан учаскенің өзінде 58 гектар жерде 96 мың ұсақ жапырақты шетен көшеті отырғызылуда.

Келесі жылы «QazaqGaz Барлау және Өндіру» Барханная кен орнында осындай жұмыстарды жүзеге асыру үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастауды жоспарлап отыр. Бұл нысандағы отырғызу алаңы 100 гектарды құрайды.