«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов «Kazakhstan Energy Week – 2023» аясында өткен пленарлық отырыста сөз сөйледі. Іс-шара «мүмкіндіктер энергиясы: белгісіздіктен тұрақтылыққа дейін» атауымен өтті. Пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры, сондай-ақ ірі шетелдік мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде «QazaqGaz» басшысы Санжар Жаркешов Қазақстанның газ саласы бойынша өңірдегі көшбасшы атануы үшін қажетті инфрақұрылым мен алғышарттары бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, еліміздегі тиісті ресурстар мен қорлар, жүргізіліп жатқан баға реформасы, мемлекетіміздің географиялық орналасуы, сондай-ақ маңызды мұнай-газ жобаларында көп жылдық жұмыс тәжірибесі басымдыққа ие.
«Газдың болжамды қоры 62 трлн текше метрді құрайды, ал бекітілген және алынатын көлемі 4 трлн текше метрді құрайды. Біз қазірдің өзінде он бесінші орындамыз, бірақ бұл тек бастамасы ғана. Егер біз жердің астындағы 62 трлн текше метрді газды дәлдік барлаумен өндіре алсақ, көшбасшы 10 елдің қатарына кіре аламыз», - деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Сонымен қатар, іс-шара барысында жаңа энергия көздеріне көшу мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде газдың рөлі талқыға салынды.