Келісім Қарағанды көмір бассейнінің Шерубай-Нұра көмірлі ауданының көмір қабаттарындағы метанды барлауды жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктіруге бағытталған. Құжатқа сәйкес, геологиялық-барлау жұмыстары, оның ішінде осы аумақтық газдылығын зерделеуге және Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаттарында метан өндірудің неғұрлым оңтайлы технологияларын әзірлеуге бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілетін болады.
Барлық геологиялық-барлау жұмыстары 2013 жылғы 23 тамызда бекітілген «Қарағанды көмір бассейнінің Шерубай-Нұра көмірлі ауданы көмір қабаттарының метанын іздестіру жұмыстары жобасына» сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Іздестіру жұмыстарының жобасында көзделген геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу аяқталған соң және Тараптар қажетті геологиялық ақпаратты алғаннан кейін Қазақстан Республикасы пайдалы қазбаларының мемлекеттік теңгеріміне Келісімшарттық аумақтың көмір қабаттары метанының қорларын беру үшін барлық міндетті рәсімдер жүргізілетін болады.
АНЫҚТАМА: Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 14.03.2014 ж. бекітілген Қарағанды көмір бассейнінің метанын барлау мен өндіру жөніндегі жеке тапсырмасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына (жол картасы) сәйкес іске асырылуда. «ҚазТрансГаз» АҚ геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін Қарағанды көмір бассейнінің бірнеше учаскесін қарастырды. Жүргізілген талдау қорытындылары бойынша ең зерттелгені - Шерубай-Нұра учаскесі алынды (жер қойнауын пайдаланушы – «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ. «ҚазТрансГаз» АҚ 2015 жылы геологиялық-барлау (бірнеше ұңғыманы бұрғылау, керн алу және газ қорын есептеу) жұмыстарын жүргізуге кіріседі.
«ҚазТрансГаз» АҚ көмір қабаттарының метанын (бұдан әрі – КҚМ) өндірудегі әлемдік тәжірибені зерделеуді жалғастыруда. Ағымдағы жылдың ақпанында компанияның қызметкерлері «Газпром добыча Кузнецк» ЖШҚ-ның («Газпром» ААҚ-ның еншілес кәсіпорны) өндірістік объектілеріне барды. Нәтижесінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, онда қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың жалпы қағидаттары айқындалған болатын. Жақын перспективада КҚМ өндіру саласындағы жобаларды табысты іске асырып жатқан Үндістан мен Қытайдың өндірістік объектілеріне бару жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз» АҚ Энергетика министрлігімен және «KazEnergy» қауымдастығымен бірлесіп, КҚМ барлау мен өндіру жөніндегі жобаларды қолдауға бағытталған заңнамалық шараларға бастамашылық жасап отыр. Осы бағыт көмірсутек шикізатын өндіру саласындағы инновациялық болып табылады, сондай-ақ болжамды қорлары оны Қазақстан Республикасы отын-энергетикалық базасының баламалы құрауышы ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін дәстүрлі емес энергия тасығыштардың бірі болып табылады. Осы мәселені зерделеу маңызды болып табылады және баламалы нұсқалардың бірі ретінде одан әрі Қазақстан Республикасының орталық және солтүстік өңірлерін газдандыруға ықпал ететін болады.
"ҚазТрансГаз" – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және оны өайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі
Тел: 8-7172-552316