“Интергаз Орталық Азия” АҚ Ақтөбе МГҚБ құрылымына кіретін Шалқар желілік өндірістік басқармасы өндірістік қызметтің жоғары көрсеткіштерін көрсете отырып, тұтынушыларға газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Басқарманың жауапкершілігінде “Бұхара-Орал” және “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралдық газ құбырларының стратегиялық маңызды объектілері орналасқан. Нысанның өндірістік базасына үш негізгі компрессорлық станция кіреді: КС-12, “Қожасай” КС және КС-13.
“12-ші компрессорлық станцияда жеті газ айдау агрегаты орнатылған. Қазіргі уақытта олардың екеуі тәулігіне 24 млн текше метр газ деңгейінде өндірістік қуаттылықты қамтамасыз етеді, бұл газды елдің орталық және оңтүстік өңірлеріне сенімді тасымалдауға мүмкіндік береді”, - деп атап өтті Шалқар ЖӨБ бас инженері Ербол Нұрадинов.
Басқарма транзиттік ағындарды қамтамасыз етумен қатар, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Шалқар және Ырғыз аудандарының елді-мекендерін, сондай-ақ өңірдің бірқатар өндірістік объектілеріне газды тұрақты жеткізуге кепілдік береді.