ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары барысында “Талдықорған-Үшарал” магистральды газ құбырының құрылыс барысымен танысты. Іс-шара Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және “QazaqGaz” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің қатысуымен өтті. “Талдықорған-Үшарал” МГҚ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Нысан “Алматы-Талдықорған” МГҚ біріккен жүйесі құрамында пайдаланылады.

«Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Үкімет ерекше мән береді. Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруға "Самұрық-Қазына" және "Бәйтерек" холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражаты, тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капитал белсенді түрде тартылуда. "Самұрық-Қазына" қаражаты есебінен 42 газбен қамту жобасын іске асыруға 10,4 млрд теңге бөлінді. Бұл жыл соңына дейін Жетісу облысындағы тағы 30 елді мекенді газбен жабдықтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Аталған жобаның өңір үшін маңызы зор. Жаңа газ құбыры Жетісу облысының халқы мен өнеркәсіп орындарын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді», – деді “QazaqGaz” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Магистральды газ құбырының ұзындығы - 302,4 км. Бұдан басқа, магистральды газ құбырының құрылысы аясында алты газ бұрмасы мен автоматты газ тарату станциясы салынады. Жетісу облысының 66 елді-мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Бүгінде облыстың газдандырылу деңгейі 47,6 пайыз. Жаңа нысандарды есептегенде көрсеткіш 90 пайызға жетеді.

Жоба Үкімет пен “Самұрық-Қазына” Қорының қолдауымен іске асырылуда. Кестеге сай газ құбыры құрылысын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.