«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 29-шы Халықаралық KIOGE көрмесі аясында «Энергетикалық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық серіктестік» атты тақырыпта сөз сөйледі.

Бұдан басқа, сессияға ҚР Энерегтика министрі Алмасадам Сатқалиев, БАӘ Энергетика министрі Сухейль аль-Мазруи, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.

QazaqGaz басшысы жаңа энергетика көздеріне көшу қарқыны туралы өз ойын білдірді. «Әлем энергетикалық трилемма-энергетикалық қауіпсіздік, қолжетімділік және жаңа энергия көздеріне «жайлы» көшу балансына жете алмай отыр»,– деді ол.

Санжар Жаркешов табиғи газға сұраныстың өсіп келе жатқанын айтты. Болжамға сай әлем бойынша табиғи газды тұтыну 34 пайызға артады, Азия-Тынық мұхиты аймағында 100 пайызға жетпек.

Бұдан басқа, салада жасалып жатқан реформалардың арқасында газ инвесторлар үшін қызығушылық тудырып отыр. Атап айтсақ, өндірушілерден газдың жаңа көлемін сатып алуға тиімді формула, газды қайта өңдеу мен тасымалдауға тарифтерді қайта қарастыру мәселесі де бар.