QazaqGazдың бас кеңсесінде басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің төрағалық етуімен тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету және күзгі-қысқы маусымда халықтың сұранысын жабу мәселелері бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиналысқа компанияның бағынысты және еншілес ұйымдары - Интергаз Орталық Азия, QazaqGaz Aimaq компаниясының басшылары да қатысты. Кездесу барысында күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланып, күн тәртібіндегі мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, газ инфрақұрылымы объектілерінде тасқын су салдарын жою бойынша ақпарат берілді.
«Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету – бұл біздің күнделікті жасайтын жұмысымыз»,-деді Санжар Жаркешов. Компания басшысы дайындық жұмыстарын аяқтау бойынша нақты мерзімді бекітті.
Бүгінде дайындық жұмыстары 82 пайызға аяқталды.
«Айта кетейін, жылыту маусымына дайындықты наурызда бастап кеттік. Әрине, тасқын судан зардап шеккен өңірлердің жағдайын ескердік, қазір барлық облыстарда тасқын су салдары жойылды. Газды тасымалдауда ешқандай кедергілер жоқ»,-деді Санжар Жаркешов.
QazaqGaz Aimaq компаниясында іс-шаралар жоспары 74 пайызға орындалды. Алматы, Астана, Қызылордада жылыту маусымына дайындық 79-84 пайызға жеткенін айта кету керек. Тасқын су салдарын жоюдан бөлек, компанияда оңтүстік өңірлерде бірнеше ай бұрын орын алған жер сілкінісі салдарынан пайда болған құбырлардағы ақауларды жою жұмыстары жүріп жатыр.
«Интергаз Орталық Азия компаниясының қолдауымен, Пергам көлігін қолдана отырып, QazaqGaz Aimaq қызметкерлері 2,5 айда 6000 шақырым газ құбырын тексерді. 150-ден астам күрделі ақаулар анықталды. Олардың жартысынан көбі жергілікті атқарушы органдардың меншілігіндегі желілерге тиесілі. Бүгінде барлық ақаулар жойылды», – деді QazaqGaz Aimaq бас директоры Бауыржан Асқаров.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымы жоспардағыдай өтті: Қазақстанның газ инфрақұрылымы нысандарында күрделі апаттар мен төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Ағымдағы жылы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіліп, апта сайын нысандардың дайындығы туралы есептерге талдау жүргізілуде.