«QazaqGaz» ҰК» АҚ орталық аппаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өндірістік филиал басшыларының қатысуымен өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі басқару комитетінің отырысы өтті.

Отырыс барысында 2023 жылғы және 2024 жылдың бірінші тоқсанына арналған денсаулық пен қауіпсіздіктің негізгі көрсеткіштері туралы есеп ұсынылды. Қатысушылар 2024 жылға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын талқылады. Сонымен қатар, QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2024 жыл компаниялар тобы қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мәселелеріне арналатынын мәлімдеді.

«Мен қызметкерлердің денсаулығына қатысты мәселелерге ресми көзқарастан аулақ болғым келеді. Біз QazaqGaz жауапты жұмыс беруші ретінде әрбір қызметкер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын жасай алатынын түсінуіміз керек және қауіпсіз жұмыс орындарын құруға күш салуымыз керек», - деді ұлттық компания басшысы.

Сонымен қатар, 2023 жылы QazaqGaz компаниялар тобы ынталандыру және салдарларды басқару бағдарламасын енгізді. Бағдарлама аясында қызметкерлер тарихи белеске қол жеткізгені үшін – 1 жыл апатсыз, жол-көлік оқиғалары және басқа да оқиғаларсыз, сондай-ақ қауіпсіздік және еңбекті қорғау бастамалары, арнайы номинация немесе адам өмірін сақтап қалғаны үшін ынталандыру ала алады. Жыл соңында өндірістік филиал қызметкерлеріне 1,2 млрд теңгеден астам қаражат төленді.

Сондай-ақ цифрландыру және цифрлық шешімдерді өндіріске енгізу жұмыстары жүргізілуде. Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін доңғалақты көліктерде борттық бақылау жүйелері (IVMS) орнатылған. Жүйе көлікті оталдыру, жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін байлау, жылдамдықты күрт арттыру, кенет тежеу кезінде жүргізушінің жеке басын анықтайды және тіркейді. Медициналық тексеру жүйесі автоматтандырылуда.

HSE қызметінің басшысы Алтай Джакубалиевтің айтуынша, QazaqGaz компаниялар тобы мемлекеттік органдарды тарта отырып, өндірістік нысандардағы ірі апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша оқу-жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Оның ішінде метан шығарындыларын азайту, су ресурстарын басқару және биоәртүрлілікті сақтау бағдарламасы бар.

Sustainalytics (Morningstar) халықаралық рейтингтік агенттігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ компаниялар тобы қызметінің тұрақтылығын алғаш рет бағалағанын еске саламыз. Нәтижесінде алынған ESG рейтингі 19,2 компанияның тұрақты даму саласындағы тәуекелдерінің төмендігін растайды.

Sustainalytics рейтингінде ұлттық компания әлемдегі халықаралық газ компаниялары арасында 7 орынға ие болды. Осылайша, «QazaqGaz» ҰК» АҚ ұлттық деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де өзінің газ саласындағы жетекші позициясын растады. Сонымен қатар, QazaqGaz барлық қазақстандық компаниялар арасында ең жоғары ESG рейтингін алды.