2026 жылғы 3 қазанда QazaqGaz компаниялар тобының қызметкерлері Астанада және компаниялар тобы қызмет ететін өңірлерде экологиялық акцияларға қатысты. Іс-шаралар «Самұрықнама: 20 игі іс» бағдарламасы мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті.

«Самұрықнама: 20 игі іс» бағдарламасы аясындағы сенбілік «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының қызметкерлерін қалалар мен елді мекендерді абаттандыруға жұмылдырды. Астанада QazaqGaz корпоративтік орталығының ұжымы Сызықтық саябақ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірлердегі қызметкерлер де жергілікті экологиялық іс-шараларға қатысып, өздері тұрып, еңбек етіп жүрген елді мекендердің көркеюіне үлес қосты.

Сол күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында QazaqGaz Астанадағы Dara мектебінің аумағына 200 ағаш көшетін отырғызды. Олардың арасында сібір шыршалары, қарағайлар мен алма ағаштары бар. Бұл көшеттер мектеп аумағын көгалдандырып, уақыт өте келе балаларға саялы әрі жайлы орта қалыптастырады.

Мұндай бастамалар табиғатқа ұқыпты қарауды нақты істер арқылы дәріптейді. Қызметкерлер қала аумағын тазалап, ағаш отырғызу арқылы қоршаған ортаға қамқорлық әр адамның өз үлесінен басталатынын көрсетті.