Енді өңірдегі Талас, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының халқы арзан әрі сапалы көгілдір отынды тұтынатын болды. Мұндағы табиғи газдың қоры 21 елді мекенді 27 жылға дейін газбен қамтамасыз етуге жеткілікті.
«ҚазТрансГаз» компаниясы Тұңғыш Президент күні мерекесіне үлкен сый жасап отыр. Жамбыл облысында жаңа газ кен орны іске қосылды. «Амангелді Газ» кеншінен жылына 330 млн текше метр көгілдір отын өндірілетін. Ал жаңадан ашылған Жарқұм ұңғымалары бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін арттырмақ.
Кәрім Көкрекбаев, Жамбыл облысының әкімі

-Жарқұмдағы ашылып жатқан көгілдір газымыз бұл 65 млн тағы қосымша болады. Сонда жылына біз 400 миллиондай пайдаланамыз. Жалпы Жамбыл облысы қазіргі осы газбен пайдаланып жатқанымыз 1 млрд 700 миллиондай.

Мұнда газдың 1 млрд текше метрден астам қоры бар. Бұл жергілікті тұрғындарды ширек ғасырға дейін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жетеді. «ҚазТрансГаз» АҚ-ы газды жинақтап дайын өнім етіп шығаратын қондырғы мен Жарқұм-Амангелді құбырының бірінші кезеңін іске де қосты. Алдағы жылдары осы жүйеге Жаңатастағы ірі өндіріс орындары да қосылады.

Қалдыбай Түлекешов, «Амангелді Газ» ЖШС бас директоры

-Жылу бергіштік қасиеті, теплотворное способность дейді мұнда көп. 85 пайызға дейін метан мұның құрамында. Сондықтан өте бағалы әрі тиімді отын болып саналады.

Қазіргі таңда облыстағы 373 елді мекеннің 40 пайызы газдандырылған. Биыл тағы 21 ауылға көгілдір отын жеткізілмек. «ҚазТрансГаз» компаниясы газдың стратегиялық қорын арттыруға, жаңа кен орындарын игеру ісін жаңа қарқынмен жүзеге асыруға көшті. Енді Айрақты, Анабай және Жардай газ кеніштерін игеру ісі басталады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Рауан Байкенже