«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Үкімет отырысында компанияның үш жылдық жұмысының нәтижесін қорытындылап, есеп берді. QazaqGaz газ саласының барлық негізгі буындарын қамтитын вертикалды интеграцияланған компания ретінде қызмет етеді. Жобалар үш бағыт бойынша жүзеге асырылады — upstream, midstream және downstream. Бұл газ өндіруден соңғы тұтынушыға жеткізуге дейінгі толық циклды құруға мүмкіндік береді және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады.

Газдың ресурстық базасын арттыру

QazaqGaz басшысы өз сөзінде ұлттық компания елдің ресурстық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мықты негіз құрғанын және газды барлау мен өндіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып жатқанын атап өтті. 

«Газ саласы нығайып келеді. Үкіметтің қолдауы мен компанияның жүйелі жұмысының арқасында QazaqGaz бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асырды. Ұлттық компанияда геологиялық барлау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған», – деді Санжар Жаркешов. 

Соңғы үш жылда Chevron, ҚазАзот және КОР сияқты халықаралық және отандық серіктестермен бес келісім-шарт жасалды. Жамбыл облысындағы Малдыбай учаскесінде және Анабай кен орнында газ көздері ашылды. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы Солтүстік-2 және Аққұдық учаскелері бойынша қаржыландыру келісімдері жасалды. QazaqGaz газдың ресурстық базасын дамыту үшін ірі операторлар және жеке компаниялармен ынтымақтастық орната отырып, нарықты белсенді түрде ынталандыруда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары барысында QazaqGaz бен Түрікменгаз мемлекеттік концерні арасында геологиялық барлау саласындағы стратегиялық келісімге қол қойылды.

Газ саласындағы мегажобалар

Ұлттық компанияның өз қаражаты есебінен соңғы үш жылда елімізде 700 млрд теңгеден астам сомаға жобалар жүзеге асырылып, нысандар жаңғыртылды. Негізгі жобалардың қатарында «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы бар, бұл Жетісу облысының 66 елді-мекенін газбен қамтамасыз етеді. Нысан мерзімінен бұрын тапсырылады деп күтілуде.

Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м³ газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары жеделдетілген түрде жалғасуда. QazaqGaz апта сайын Үкіметке жұмыстардың барысы туралы есеп береді. Жоба катарлық Power International Holding (PIH) компаниясын тарта отырып жүзеге асырылуда, компания жобаның 75% үлесін сатып алады.

Сондай-ақ, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын қабылдау және фракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба өңір үшін ерекше әлеуметтік-экономикалық маңызға ие. Бұдан бөлек, түрік инвесторы ESTA-мен бірге 1,35 миллиард доллар сомасына карбамид зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда. QazaqGaz халықаралық серіктестікті белсенді түрде нығайтуда. 2023 жылдан бастап Өзбекстан мен Қырғызстанға ресейлік газ транзитінің көлемі артты, 2025-2026 жылдарға импорттық келісім-шарт жасалды.

Газдандыру деңгейінің артуы және цифрлық трансформация

Санжар Жаркешов өз баяндамасында 2021 жылдан бері елдегі газдандыру деңгейінің 4,7%-ға өскенін атап өтті. Бұл 1,7 миллион адамды газға қосуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, QazaqGaz-дың өз күшімен және шетелдік серіктестерді тарта отырып, Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мәселесі қарастырылуда.

Газ саласында барлық бағыттар бойынша цифрлық шешімдер енгізілуде. Жаңа жобалардың қатарында газдың цифрлық есебі және техникалық шарттарды онлайн алу мүмкіндігі бар. Бұл бастамалар ашықтықты, тиімділікті қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Қытайдың Goldcard компаниясымен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Алматыдағы арнайы экономикалық аймақта жылына 500 мың интеллектуалды есептегіштерді өндіруді локализациялау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға газға субсидиялар беретін «Әлеуметтік көмек-қалта» жобасының аясы кеңеюде. QazaqGaz-дың дерегі бойынша, берілген жеңілдіктердің сомасы 100 миллион теңгеден асуы мүмкін. Атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың 37%-ы осы қолдау шарасын пайдаланды.

Қорытындылай келе, Санжар Жаркешов QazaqGaz қаржылық сауықтыру кезеңін аяқтағаннан кейін, трансұлттық жобаларды іске қосқанын хабарлады. Бұл компанияның инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырды. Аталған бастамалар Президенттің ұлттық компанияларды IPO-ға шығуға дайындау тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Санжар Жаркешов ағымдағы барлық жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асатынын айтып, QazaqGaz еліміздің газ әлеуетін дамыту стратегиясын жоспарлы түрде іске асырып жатқанын атап өтті. 

Кеңейтілген отырыс соңында ҚР Премьер-министрі Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жаңа газ кен орындарын игеру және пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеуді жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 тамызына дейін газды цифрлық есепке алу жүйесі енгізілуі тиіс.