«Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында елді газдандыруды ұлғайтуға және еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы айтты. Газға ішкі сұраныстың артуы, өңірлерді белсенді газдандыру, экспорттық және транзиттік әлеуетті дамыту жағдайында QazaqGaz бірқатар стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруда.
Астана қаласын газдандыру бағдарламасы аясында Нұрлы, Талапкер, Шұбар, Ы.Алтынсарин, Аққайың елді мекендері газға қосылды. 34 700 адам газға қол жеткізді. Қосшы қаласы да газға қосылып, 31,2 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. 2025 жылы аяқталған осы және басқа жобалар 29 елді мекендегі шамамен 292,7 мың адам газға қол жеткізеді деп күтілуде. Газдандыру көрсеткіші 63,8 пайызға жетеді. Сонымен қатар, Талдықорған-Үшарал газ құбыры және алты автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы мерзімінен бір жыл төрт айға ерте аяқталды. Жоба 134 мың адам тұратын Жетісу өңіріндегі 84 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың газдандыру көрсеткішін 56,5 пайыздан 76 пайызға дейін арттырады.
QazaqGaz сонымен қатар “Орта Азия-Орталық” газ құбыры жүйесін жаңғыртуда. Оңтүстік және орталық өңірлерді газбен қамтамасыз ететін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің құрылысы жалғасуда. Қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын іске асыру жобасы жалғасуда. Учаскеде 2000-ға жуық жұмысшы мен 330 техника жұмыс істейді; негізгі жабдықтарды монтаждау аяқталды, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қостанай облысы өнеркәсібінің өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін ірі өнеркәсіп нысандарын отынмен қамтамасыз ететін жаңа КС-14 – Қостанай магистральды газ құбырының құрылысы басталды.
«QazaqGaz ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана емес, Қазақстанды өңірлік транзиттік хаб ретінде дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда», - деді Әлібек Жамауов.