Салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов қатысты.

Облыстың ірі елді-мекендерінің бірі – Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентін газдандыру аясында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан ұзындығы 38 км жеткізуші газ құбыры тартылып, АГТС, 3 ГТП (газ тарату пункті), 42 ШГТП (шкафтық газ тарату пункті) және 345 км ауылішілік газ құбырлары салынды. Іске қосылған нысандар елді-мекеннің 41,8 мыңнан астам тұрғынын, оның ішінде 7 974 жеке тұрғын үйді, 120 көппәтерлі үйді, 126 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосовтың айтуынша, «Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы еліміздегі 7 млн-нан астам тұтынушыны, 20 мыңнан астам отандық өндіріс орындары мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарды газбен қамтамасыз етіп отыр. Әр жыл сайын республика бойынша 35 мыңнан астам абоненттің үйіне газ кіргізіп отырмыз. Мұның соңғы мысалы – бүгін міне, «Әйтеке би» автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосып отырмыз. ҚазТрансГаз – халықтық компания, сондықтан біздің алға қойған бірінші мақсатымыз – еліміздің ірі қалаларын ғана емес, алыс елдімекендерін де газдандыру. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жоспарларымыздың бәрі жүзеге асып жатыр».

Осы қазан айының соңғы он күні ішінде Қызылорда облысының газ жүйесіне Жаңақорған, Шиелі және Әйтеке би кенттері қосылды.

Алдағы уақытта, ай соңына дейін Компания тағы бір автоматтандырылған газ тарату станциясын қосып, Арал қаласына газ беруді жоспарлап отыр. Жыл соңында Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы аяқталады деп күтілуде. 

Жалпы, жоба аясында Қызылорда облысының 190 мың тұрғыны көгілдір отынға қосылады. Осы уақытқа дейін 1439 км газ құбыры тартылып, 81 газ тарату пункті, 258 шкафтық пункттер салынды. Құбырлар мен инфрақұрылымдық нысандар түгелдей дерлік кестеден ерте іске қосылып жатқанын айтып өту керек.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі 

+7 (717255-23-16