10 сәуірде QazaqGaz ұлттық компаниясы Ақтөбеде жаңа автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясын (АГТКС) іске қосты. Ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және "QazaqGaz" ҰК " АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қатысты.
QazaqGaz Onimderi брендімен жұмыс істейтін жаңа станцияны отандық инвестор Абай Бекетов басқаратын “Almaty Build” ЖШС салды. Ол тәулігіне 300 автомобильге дейін қызмет көрсете алады. Аталған жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Нысан қаланың айналма жолының учаскесінде орналасқан, бұл қалалық көлікті де, "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің транзиттік ағындарын да қабылдауға мүмкіндік береді.
«Бұл – Мемлекет басшысының газ-мотор отынын дамыту және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға қосылған маңызды үлес. Табиғи газ – қазбалы отын түрлерінің ішіндегі ең экологиялық таза түрі, ал Ақтөбе сияқты ірі қала үшін атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту – әрбір азаматтың денсаулығы мен жайлылығы. Сонымен қатар, бұл шешімнің орасан зор экономикалық тиімділігі бар. Осы жобаны жүзеге асыруға қатысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», - деп атап өтті өңір басшысы Асхат Шахаров.
АГТКС желісін кеңейту Үкімет бекіткен Қазақстанның газ саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес келеді. Құжатта газ-мотор инфрақұрылымын дамыту басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Ақтөбе облысының әкімдігі жанармайға тұрақты сұранысты қалыптастыра отырып, газбен жүретін қоғамдық көлік паркін ұлғайтуда.
"Табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалану шығарындыларды азайтуға және ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді, ал желіні басқарудың франчайзингтік моделі сервис пен технологиялық сенімділіктің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етеді", – деп атап өтті өз сөзінде Әлібек Жамауов.
Айта кетейік, бұл қаладағы осындай екінші станция: QazaqGaz Onimderi компаниясының бірінші автоматты газ тарату компрессорлық станциясы тәулігіне 180 автомобильге есептелген.
QazaqGaz басшылығы Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компанияның және жеке серіктестердің күш-жігерін үйлестіру - газ-моторлы отын нарығын қалыптастыруға ықпал ететінін және еліміздің басқа өңірлерінде осындай жобаларды іске асыру үшін түрткі болатынын жеткізді.