23 сәуірде «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов ҚХР-ның Чжухай қаласында PetroChina International компаниясының вице-президенті Ван Хаянмен кездесу өткізді. Тараптар газ саудасы бағытындағы ынтымақтастықтың тұрақтылығын атап өтіп, оның аясын кеңейту туралы пікір алмасты.
Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі туралы әңгімелесті. Бұдан басқа газдың экспорттық жеткізілуі мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру салаларында екіжақты тиімді серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады.
QazaqGaz басшысы 2025–2026 жылдардағы қысқы кезеңде ішкі сұраныстың маусымдық өсуіне қарамастан, компания газ экспортын тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын жеткізді.
Кездесуге қатысушылар ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға ниеттерін білдірді. Бұл әріптестік өңірлік энергетикалық өзара іс-қимылдың негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылады.