"QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасының геологиялық барлау және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары Ұлан Бүркітов Жамбыл облысындағы Амангелді газ кен орнындағы жұмыстардың барысын тексерді. Қазіргі уақытта Барханды кен орнын ретке келтіру және газды кешенді дайындау қондырғысына газ құбырын жеткізу жұмыстары атқарылуда.
Бұл жоба газ жинаудың заманауи жүйесін құруды, газ жинау пунктін салуды, сондай-ақ Барханды - Амангелді газ құбырын және қажетті электр желісін төсеуді қамтиды.
Қазіргі уақытта Барханды - Амангелді газ құбырын төсейтін жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, электр желісін монтаждау мен оған қажетті Ø219х7 мм құбырды төсеу бойынша дайындық жұмыстары жүруде. Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау 2025 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
Сонымен қатар, Ұлан Бүркітов "Qazaqgaz барлау және өндіру" ЖШС келісімшарттық аумағындағы бұрғылау жұмыстарымен танысты. Девон қабатынан газ өндіруге бағытталған Анабай кен орнын игеру жобасы аясында екі пайдалану ұңғымасын — №17 және №18 ұңғымаларды бұрғылау сәтті аяқталды.
Бұл жұмыстардың барлығы газдың ресурстық базасын ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде және QazaqGaz стратегиясына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Ұлттық компанияда геологиялық барлау жобаларын қысқа мерзімде іске асыруға бағытталған нақты қадамдар жоспары әзірленген.