Бүгін Жамбыл облысында Амангелді кен орнының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтойлық жиынға «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны қызметкерлері мен кен орнының еңбек сіңірген мамандары және газ саласының ардагерлері қатысты. Іс-шара барысында үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Төраға орынбасары Амангелді кен орны Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі газ жобаларының бірі екенін атап өтті.
«Амангелді кен орны шетелдік капитал салымдары мен инвестицияларсыз, ел бюджеті есебінен жүзеге асқан сәтті жобалардың бірі. Кен орны 20 жыл бойы еліміздің оңтүстік өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуде және энергетика секторындағы стратегиялық маңызды кәсіпорын», - деп атап өтті Мейірбек Ихсанов.
Амангелді кен орындары тобы Жамбыл облысының Мойынқұм және Талас аудандарында, Тараз қаласынан солтүстікке қарай 190 км жерде орналасқан. Аймақтағы барлау жұмыстары 1947 жылы басталды. Кен орнын пайдалану тек 2000 жылы қолға алынды.
2003 жылдың тамызында «Амангелді Газ» ЖШС құрылды. 2022 жылғы 22 қазанда «QazaqGaz» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі негізінде «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС болып қайта құрылды. Жер қойнауын пайдалану бағытындағы жаңа жобалардың бәрі енді «QazaqGaz» барлау және өндіру» құрылымында топтасады. Бүгінде «QazaqGaz барлау және өндіру» компаниясы табиғи газдың ресурстық базасын жоспарлы түрде ұлғайтумен айналысады. Өткен жылы компания құрамына Придорожное кен орны қосылды, одан өндірілетін газ қоры шамамен 10 миллиард текше метрді құрайды. Осы жылдың соңына дейін Анабай кен орнын іске қосу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта компанияда 160 адам жұмыс істейді, 500-ге жуық қызметкер мердігерлік және сервистік ұйымдарда еңбек етуде.
Кен орнының 20 жылдығына орай «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны Жамбыл облысында бірқатар әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асыруда.
Компания студенттерді тікелей өндірісте тәжірибе алмасу арқылы оқыту жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды оқыту үшін арнайы гранттар бөлді. Талас ауданының бірқатар кенттерінде спорт, воркаут және балалар алаңдары салынды, жолдар мен саябақтар жөнделді.