Қазақстанның бас қаласында азаматтарды қабылдау үшін газ құбырын пайдаланумен айналысатын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ үш фронт-офисте жұмысты ұйымдастырды.
Газбен жабдықтау жүйелеріне қосылуға өтінім Көктал, Көктал-2, Агроқалашық, Железнодорожный, Промышленный тұрғын үй алабы тұрғындарынан қабылданады.
Схема әзірленді және жеке тұлғалар өз үйлерін газбен жабдықтау желілеріне қосу үшін ұсынуы тиіс құжаттар тізбесі бекітілді.
Газ саласының қызметкерлері жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалғандығын, сондықтанда техникалық шарттарды алуға және үйлерді газға қосу жұмыстарын жүргізуге асығу қажет екендігін ескертеді.
«Сарыарқа» ауданы тұрғын үй алабы үшін техникалық шарттар Көкталда орналасқан Болашақ көшесі 4/2 көше бойынша фронт-офисте беріледі. «Алматы» ауданы тұрғын үй алабының тұрғындары Железнодорожныйдағы Жабаев көшесі 12/2 бойынша фронт-офиске және Промышленныйдағы Шалкөде көшесі 3 бойынша фронт-офиске жүгінуі тиіс. Жұмыс кестесі 9.00-ден бастап 18.00-ге дейін, түскі асқа үзіліс — 13.00-ден бастап 14.00-ге дейін.
Бұған қоса «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның фронт-офистерінде қалалық және аудандық әкімдіктердің, мердігер ұйымдардың алдағы газдандыруға қатысты барлық қызығушылық туғызатын сұрақтар бойынша консультация беруге дайын өкілдері жұмыс істейді.
Көкталда жұмыс істейтін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ менеджері Айдын Шаймерденовтың айтуы бойынша халық тарапынан үлкен қызығушылық байқалады. «Күніне біздің офиске 60 адамға жуық келеді. Біз газға қосылу рәсімін түсіндіреміз. Мысалы, бүгін толық құжаттар топтамасн өткізген тұрғындарға техникалық шарттар тапсырылды. Техникалық шарттар тегін берілетіндігін атап өткім келеді» - деді Айдын Шаймерденов.
Газбен жабдықтауға қосылу үшін өтінімдерді жеке тұлғалармен қатар, объектілері тұрғын үй алабында орналасқан заңды тұлғаларда бере алатындығы өте маңызды.