Қазақстандық делегация «Авазада» Түрікменстанның Вице-премьері Батыр Аманов және Түрікменстан Президентінің мұнай-газ мәселелері жөніндегі кеңесшісі Аширгулы Беглиевпен кездесу өткізді. Келіссөздер Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның дамушы елдер бойынша үшінші конференциясына қатысуы аясында өтті.
Отандық делегация құрамында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, "QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов және ҚР Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ноғаев болды. Кездесуге қатысушылар шетелдік инвестордың қатысуымен Түрікменстанның ірі газ кен орны – Галкынышты игеру жобасына Қазақстанның қатысу перспективаларын талқылады.
Тараптар газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.