Жалпы бұл оқиғаны  - соңғы жылдары қарқынды даму жолына түскен қазақстандық газ саласындағы ең іргелі бетбұрыс деп бағалауға болады. 

Қазақстанның газ экспорты үшін анағұрлым перспективалы бағытты ашқаны, шынымен де айтулы оқиға болды. Әсіресе, әлемдік сарапшылар таяу уақытта «газ дәуірінің» басталатындығын зерттеп, біліп және жақын жүз жылдықта тіршіліктің барлық салаларында негізгі орынды көгілдір отын алатындығын болжап отырғанын ескерсек. Дәл осы көгілдір отын, дәстүрлі мұнай мен көмірге қарағанда таза, қауіпсіз және анағұрлым арзан шикізат болып табылады. Ең бастысы, газ қоршаған орта үшін іс жүзінде қауіпсіз.       

Экспорттық маршрутты шығысқа бұруға экономиканың аса дамыған және перспективалық салаларының біріне  айнала бастаған Қазақстанның газ саласы тыңғылықты дайындықпен келді.

Қазақстанның өңірлерін газандыру, ресурстық базаны және газ өндіруді ұлғайту, сондай-ақ тасымалдау, транзит және экспортты кеңейту Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ үшін стратегиялық басымдық ретінде белгіленіп отыр.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері газ саласы іс жүзінде толықтай жаңартылғанын айта кетсек артық болмас. 120 жылға жуық тарихы бар мұнай саласымен салыстырғанда, газ саласының 60 жылдық қана тарихы бар екен. Дегенмен тоқсаныншы жылдары Қазақстанға 20-30 жыл қолданылған құбырлар желісі мен газ тарату жүйесі мұраға қалды.  Ал бүкіл Орта Азия өңірінің газ ағыны Ресей аумағына, ол арқылы Еуропаға бағытталды, ал Қазақстан іс жүзінде  тек көгілдір отынды тасымалдайтын «көпір» ретінде қызмет атқарды. Араға жиырма жылдан аса уақыт салып «ҚазТрансГаз» АҚ бұл қалыпты мүлде өзгертіп, түбегейлі өзгерістерге қол жеткізе алды.   

Бірінші кезекте Қазақстандық газ тасымалы жүйесі отандық тұтынушыларды газбен қамтамасыз ете отырып – өзінің тікелей мақсаты бойынша қызмет ете бастады. Бүгінгі күні маздаған газдың қызығын ел ішінде 8 миллионнан астам адам пайдалануда, бұл газдандырылған 10 өңір тұрғындары.   

Екіншіден, газ саласын дамытуда тағы бір маңызды қадам қуатты кеңейту және газ тасымалдау бағыттарын әртараптандыру болды, бұл транзиттік әлеуетті ғана емес, сонымен бірге меншікті қазақстандық газ экспортын ұлғайтуда ілгері қадам жасауға мүмкіндік берді. 

Жалпы біздің мемлекетіміздің аумағы бойынша үш трансұлттық магистральдық газ құбыры өтеді  - бұлар «Орталық Азия – Орталық», «Бұқара-Орал» және «Орталық Азия - Қытай».  Айта кетсек, 2017 жылы отандық мұнай-газ өнеркәсібі мерейлі күнді – «Орталық Азия - Орталық» магистральдық газ құбырының пайдаланыла бастағанына 50 жыл толғанын атап өтті.  Дәл осы «Бұқара-Орал» және «Орталық Азия - Орталық» газ құбырларын салу - Қазақстандық газ тасымалдау саласының бастауы болғанын да айта кеткен жөн.  

Өткен ғасырдың 60-жылдарында тұрғызылған «Орталық Азия - Орталық» магистральдық газ желісі көп жылдар бойы әлемдегі ең ұзын газ құбыры деп есептелді. Дәл қазір ұзындығы жөнінен үшінші орынды иеленсе де, әлеуеті өте жоғары газ инфрақұрылым болып қала бермек.   

Бұл құбырды жаңғырту мақсатымен ірі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2007 жылы лупинг салынды, 2008 жылы – «Опорная» компрессорлық станциясы, 2013 жылы –«Мақат» станциясы  тұрғызылды. 2014 жылы «Жаңғала», «Мақат», «Опорная» және «Бейнеу» станцияларында газды Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне айдау үшін және Қытайға экспорттауға арналған реверстік қондырғылар орнатылды. Осының арқасында «Орталық Азия - Орталық» магистральдық газ құбырына бүгінгі күні республикадағы ірі кен орындары -  «Қашаған», «Теңізшевройл», «Шағырлы» және «Шомышты» қосылды.

Қазақстандық қана емес, сонымен қатар әлемдік газ саласында елеулі орны бар тағы бір алып жоба - Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қытай аумағы бойынша өтетін «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбыры. Оның Түркіменстаннан Қытай шекарасына дейінгі ұзындығы 1833 шақырымды құрайды, оның 1300 шақырымы біздің еліміздің аумағы арқылы салынғын. Қазақстандық бұл бөлік - «Қазақстан — Қытай»  магистральдық газ құбыры деп аталады. Осы ауқымды халықаралық жобаның жалпы құны 7 млрд. АҚШ долларын құраса, жобалық қуаты – жылына 55 млрд. текше метр. Таяуда ғана, «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының жаңа №3 (КС-3) компрессорлық станциясын пайдалануға беру рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев іске қосылған 9 жыл ішінде осы магистральдық газ құбырында  11 компрессорлық станция тұрғызылғанын және екеуін келесі жылы іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бізге жылына газдың 55  млрд. текше метр жалпы қуатына шығуға мүмкіндік береді. Осы 9 жыл ішінде, толық қуатына шықпағанның өзінде, 200 млрд текше метр Орталық Азия елдерінің (Өзбекстан, Түркіменстан – ред.) газы осы құбыр арқылы тасымалданды. Биылғы қысқы кезеңде, біз қазақстандық газдың 2 - 2,5 млрд текше метрін Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жалпы Қытайға 5 млрд теше метр өз газымыз экспортталатын болады» - деді Сауат Мұхаметбайұлы.  

Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта көліктің-логистика саласын дамытудың жаңа қадамы деуге болады.

Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдан 2017 жылдың желтоқсан айына дейін, «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырының «А, В және С» тармақтарындағы құрылыс жұмыстарына 15 мыңнан астам адам тартылған. Тұрақты 1113 жұмыс орны ашылған. Олардың 90% жергілікті тұрғындар екен.

Бұл ретте «Орталық Азия - Қытай» магистральдық газ құбырының қуаты – жылына 65 млрд. текше метрге дейін өсуі және әлемдегі газ тасымалдайтын ең  ауқымды жүйелердің бірі болуы мүмкін.

Бұл Еуразияның көлік-логистикалық хабына айнала бастаған біздің еліміздің шығысқа қарай маңызды құбыр дәлізін салу барысында қазіргі заманғы компрессорлық станцияларды, соңғы үлгідегі газ айдаушы агрегаттарды және басқа да озық технологияларды енгізу есебінен өзінің газ инфрақұрылымын, транзиттік әлеуетін барынша арттырғанын да атап өткен жөн.

Былтырғы жылдың аяғында ұзындығы 1 477 км және құбыр диаметрі 1067 мм болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры толық іске қосылып, Қазақстанның батысынан оңтүстігіне отандық газ жеткізіп, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етті. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өткен құбыр елді мекендерді газдандыруға зор серпін берді. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 40-50 ауылға осы құбырдың газы кірді. Ал оңтүстік өңірлер бойынша нағыз жайлылық пен шуақ сыйлайтын газға қол жеткізетін елді мекендердің ұзын саны 500-ге жетпек. Алғаш рет Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы, Қапшағай, Шелек, Есік және Жаркент қалалары газдандырылды.

Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Елбасы қолдауымен жүзеге асқан стратегиялық маңызы зор ірі құбыр жобасы болды. 

Жалпы 2017 жылы тасымал қуатын арттырған 4 бірдей жаңа компрессорлық станциялар іске қосылды: «Бозой» КС, «Қараөзек» КС және «Қазақстан-Қытай» газқұбырының  КС-1 және  КС-3.  Сонымен қатар мемлекет басшысының қатысуымен газ саласының екі ірі жобасы іске қосылды. Оның бірі -  «Бозой» газ қоймасының «Газ құрғату қондырғысы». Бұл нысан екі маңызды міндетті шешті – оңтүстікке газды тұрақты жеткізу және Қытайға газ экспортын ұлғайтуды қамтамасыз ету.  Кептіру кешені  газды механикалық қоспалардан және ылғалдан барынша жылдам тазартады, оны магистральдық газ құбырына беру жылдамдығын ұлғайтады. 

Ішкі нарықта сол сияқты газды экспортқа үздіксіз беру үшін, ҚазТрансГаз Ақтөбе облысы Шалқар ауданында орналасқан «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасын ірі реконструкциялауды жүргізуде. Осы стратегиялық құрылыс 4 миллиард текше метрге дейінгі газды сенімді сақтап қана қоймай, оны маусымдық тұтынуды реттеуге де мүмкіндік береді.  

Осының бәрі Қазақстанның «газ дәуіріне» нық аяқ басқанын, газ саласының әлеуеті артқанын көрсетсе керек.  

Халықаралық сарапшылар, бүгінгі күні біздің газ тасымалдау жүйеміз техникалық жағынан өте жақсы күйде екенін, жылына газ айдау көлемін 120 – 160  млрд.  текше метрге дейін ұлғайту перспективасы барын айтып отыр.

Көгілдір отынды тасымалдаудың көлемі артты, кез келген бағытта газ тасу, өткізу жолға қойылып, бағыттар әртараптандырылды.

Яғни Қазақстандық газ тасымалы саласы жай ғана транзиттік тораптан Орта және Орталық Азияда газ ағындарын қамтамасыз етіп отырған мықты операторға, ірі газ экспорттаушы елдердің біріне айналды.