Қазақстанда табиғи газды тұтынуды есепке алудың цифрлық жүйесіне көшу жалғасуда. "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Шымкенттегі Aqyl Energy жобасының барысымен танысты. Бағдарлама аясында жеке үйлерде интеллектуалды есептегіштер орнатылады.
Жаңа құрылғылар тұтынылған газдың көлемін автоматты түрде түсіріп, деректерді қашықтан жібереді. Есептегіштер мен оларды орнату тұтынушыларға тегін беріледі.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Шымкенттегі 80 мыңға жуық жеке үй интеллектуалды есептегіштермен жарақтандырылған. Қазіргі уақытта мамандар жұмыстың екінші кезеңіне кірісті. Қаланың барлық жеке үйлерін цифрлық жүйеге ауыстыруды 2027 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.
Тұрғындардың айтуынша, жаңа жүйе есептеулерді ашық етеді. "Бұрын бақылаушылар үйлерді аралап, деректерді алып, содан кейін бізге есеп келді. Енді біз бір тиыннан артық немесе аз төлемейміз", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Өскенбай Сегізбай.
Шымкентте зияткерлік есептегіштерді орнату 2025 жылдың маусым айында басталды. Содан кейін жоба Түркістан және Қызылорда облыстарына кеңейтілді. Алдағы уақытта QazaqGaz жүйені Қазақстанның басқа өңірлеріне таратуды жоспарлап отыр.
Елімізде барлығы 1,35 млн интеллектуалды газ есептеу аспаптарын орнату жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында Әлібек Жамауов Шымкенттегі табиғи газбен қамтамасыз етілетін нысандармен де танысты. Атап айтқанда, ол қызанақ өсіретін жылыжай кешеніне барды. Кәсіпорында бүгінде 600-ге жуық адам жұмыс істейді.
Өңірде газ инфрақұрылымын дамыту тұтынушыларды газбен қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіпорындардың құрылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.