Ребрендинг тек компанияның атауы мен логотипін өзгертуге ғана қатысты емес, ол ішкі бизнес-процестерді трансформациялау және жаңа ұлттық газ компаниясының брендін сырттай қабылдау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
Қазақстанда газ саласына деген көзқарас ұзақ уақыт бойы қалдық принципі бойынша бағаланып келді. Мұнайға деген жоғары баға кезінде мемлекет, инвесторлар «қара алтынмен» жұмыс істеуді жөн көрді, сұйық көмірсутектерді өндіруді ұлғайту құралы ретінде ілеспе газды қолдана отырып, мұнай кен орындарын өңдеді.
Соңғы уақытта әлемдік масштабта газдың рөлі айтарлықтай өсті. Табиғи газ, басқа көмірсутекті шикізат арасында, жаңартылатын энергия көздері дамыған сайын төмен көміртекті экономикаға көшуді қамтамасыз ете отырып, дәстүрлі отын түрлерін көбірек алмастырып отыр.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы бүкіл отандық газ саласын дамытудың жаңа кезеңін бастамақ. Кешенді жоспардың алда іске асырылуына байланысты, компанияның стратегиясы ішкі және халықаралық нарықтардағы жаңа ұстанымдарды да қамтиды.
«QazaqGaz» атауы мен жаңа фирмалық белгісі компания бизнесінің бағыттарын неғұрлым айқын көрсетеді, бұған дейінгі атау мен логотип негізінен тек газ тасымалдауды ғана білдіретін. Жаңа логотип компания қызметінің бүгінгі бағыты мен газ саласының қазіргі заманғы болмысына сәйкес келеді.
Логотиптің негізгі мазмұны – алаулап аспанға өрлеген спираль - динамикалық қозғалыс пен екпінді дамуды білдіреді. Логотиптің негізі ретінде бейнеленген жалын тілі - күн символы, үйге жылулық пен жайлылық әкелетін от-жалын – ата-бабаларымыз наным-сеніміндегі тазару белгісі. Қасиетті нышан ретінде отқа деген көзқарас ежелгі заманнан бері түркі халықтарының салт-дәстүрлерінде болған. Осы жанған алауды білдіретін компанияның фирмалық белгісінде көгілдір және жасыл реңктердің болуы табиғи газдың экологиялылығын білдіреді, бұл бүгінгі әлемдік тренд.
Жаңа бренд компанияның уақыт сынынан өткен барлық басымдықтарын, атап айтқанда эволюциялық дамуды, ауқымды істерді, тұрақтылық пен сенімділікті білдіреді.
Мұнымен қатар, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басты ұстанымының бірі – газ саласының бай тарихын ешқашан ұмытпау, ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ саласында жинақталған үздік тәжірибелерді ұтымды пайдалану.
Бұл орайда «QazaqGaz» ұлттық компаниясы өз жұмысында ең соңғы ғылыми-техникалық жетістіктерді және өнеркәсіптік технологиялар мен бизнес жүргізу, менеджментке қатысты заманауи тәсілдерді қолдана отырып серпінді дамуды мақсат етіпе отыр.