Станцияны іске қосу салтанатты рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры В. Хван қатысты.

Жансейіт Түймебаев – Түркістан облысының әкімі:

  • Бұл біздің өңіріміз үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да өте маңызды оқиға. Түркістан облысы жылына 2,5-3 млрд текше метр газ тұтынады. Осы нысанның іске қосылуымен өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді. Бұл озық технологиямен жабдықталған инновациялық нысан. Нысанның пайдалануға берілуі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 50 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

«Түркістан» жоғары технологиялық компрессорлық станциясы Түркістан мен Қызылорда облыстарының аумағында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің бойында биыл «ҚазТрансГаз» АҚ салған компрессорлық станциялардың бірі болып табылады. Осының алдында, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында, Ұлттық газ операторы «Арал» КС де іске қосқан болатын.

Жаңа станциялардың жұмысы газ және газбен жабдықтау саласындағы Ұлттық операторға жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді жабу үшін, әсіресе жылыту кезеңіндегі ең көп жүктеме кезінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне газды іркіліссіз тасымалдау процесінің барынша сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда, республиканың оңтүстігінің көгілдір отынға деген қажеттілігі шамамен жылына 5 млрд текше метр газды құрайды.

Бұған қоса, «Орталық Азия - Қытай» трансазиялық магистральдық газ құбырына берілетін көлемдер айтарлықтай өседі, ол ҚХР-ға қазақстандық газды экспорттау көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Компрессорлық станцияларды салу кезінде пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ көмекші жүйелер кешені, магистральдық газ құбырын пайдаланудың бүкіл кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз ете алады.

Газ инфрақұрылымының жаңа объектілері магистральдық газ құбыры өтетін аудандарда тұратын қазақстандықтарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Іске қосылатын компрессорлық станциялар, басқа да газ тасымалдау объектілері сияқты, оңтүстік өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуда маңызды рөлге ие болмақ.

 "ҚазТрансГаз" АҚ Баспасөз қызметі,

байл. тел: +7(7172)-55 23 16