Салтанатты рәсім Астана қаласында өтті, онда жаңа индустриялық объектілердің жұмысын бастау сәті онлайн режимінде «ҚазТрансГаз»  АҚ-ның Бірыңғай  диспетчерлік орталығынан жүзеге асырылды. Іс-шараға  Энергетика министрі Қ.А. Бозымбаев, Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Қ.Қ. Шәріпбаев қатысты.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырында «Арал» компрессорлық станциясын іске қосу елдің өңтүстігін газбен тұрақты қамтамасыз етуге және отандық газды Қытайға экспорттауды арттыруға мүмкіндік береді.

№ 5 және 7 компрессорлық станцияларды пайдалануға енгізу – төрт мемлекетті – Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия - Қытай» трансазиялық газ құбырын қалыптастыру жөніндегі ауқымды жұмысты аяқтайды. Сондықтан осы оқиға Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ өңірдегі барлық мемлекеттер үшін де маңызды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуы бойынша № 5 және 7 компрессорлық станциялардың жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 20-дан 25 млрд. текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Енді, барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жиынтықты қуаты, 55 млрд. текше метр газды құрайды. Бұл ретте отандық газ көлік жүйесі жаңарып, Еуразиялық өңірде ең мықты инновациялық жүйе болып отыр.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс тұрғындарын осы маңызды оқиғамен құттықтап, «Арал» компрессорлық станциясы ең қысқа мерзімде – бар-жоғы 7 айда салынып, жаңа жұмыс орындары құрылып, алыс шалғайда жатқан аудандар мен ауылдарды газдандыру қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті.

Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасының шеңберінде, газ магистральдарының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін, объектілерде  SCADA жүйесі орнатылған. Бағдарлама компрессорлық станциялар функцияларының өлшемдерін бақылап отырады, бүкіл ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді  онлайн режимінде беріп отырады. Компрессорлық станциялар мен SCADA жүйесі  General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқалар сияқты жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шығарылған қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталған.

Пайдаланылатын инновациялық жабдық, сондай-ақ кешенді көмекші жүйелер, бүкіл пайдалану кезеңінде газды қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.