5 тамызда «Самұрық-Қазына» алаңында «QazaqGaz»  ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Санжар Жаркешов ұлттық компания қызметінің бірінші жартыжылдығын қорытындылап, QazaqGaz жаңа командасы қандай проблемаларға жолыққанын да айтып берді. 

Ұлттық компания басшысының айтуынша Қазақстан газ саласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын жасауы тиіс. Мықты газ саласы еліміздің әлеуметтік транзиті зор Орталық Азия газ хабына айналуына мүмкіндік береді.  

Газ – таза энергияға көшу мен  ESG принциптерін енгізуде транзиттік отын болып табылады. Еліміз өзінің артықшылықтарын пайдалануы тиіс. Алайда, дәл қазір газ саласы біраз қиындықтарға кезігіп жатыр. 

«Мемлекет басшысы 2023 жылы тауарлық газ тапшылығы орын алуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. QazaqGaz командасы ішкі нарықта тауарлық газ тапшылығын бір жылға жылжытуға мүмкіндік берген дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады. «2024 жылы сұраныс ұсыныстан асып түседі, газ балансының мәселесі өте өзекті,» - деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша еліміздегі газ қоры 100 жылға жетеді (3.8 трлн м3). Басты проблема өңдеу қуаттарының жетіспеушілігінде. 

«Табиғи газ қоры жеткілікті, дәл қазір тауарлық газ тапшылығын айтып отырмыз. Негативті сценариді болдырмау үшін, газ өңдеу қуаттарын арттыру қажет. Баға реформасы да кезек күттірмейтін мәселе, бұл жерде халық пен үкіметтің қолдауы керек,» - деді басқарма төрағасы.

Санжар Жаркешовтің айтуынша, мемлекет жер қойнауын пайдаланушылардан газды өз құнынан төмен бағамен сатып алып отыр. Әрбір текше метрден  QazaqGaz 10 теңге жоғалтады. Тек 2022 жылдың өзінде компания 180 млрд теңгеден қағылады. Егер баға реформасын жасап, тарифтерді түзетпесек, алдағы 2-3 жылда QazaqGaz шығыны триллион теңгеге жуықтайды. 

Сонымен қатар, Санжар Жаркешов өз сөзінде QazaqGazдың баға реттеуге еш қатысы жоғын, бұл сұрақ толықтай мемлекеттік органдардың құзыретіндегі шаруа екенін алға тартты. 

Өз кезегінде, әділ әлеуметтік баға реформасы қазір жасалып жатыр. Негізінен, бұл жаңашылдық өнеркәсіптік компанияларға бағытталады. 

Брифинг аясында Қазақстанның газ саласын дамыту, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері көтерілді. Елорданы газдандыру, газ жүргізу үшін техникалық шарттарға құжаттар тізімін қысқартуға аса көңіл бөлінді. Бұдан басқа, ұлттық компания басшысы Алматыдағы қоғамдық көліктер мен ЖЭО-2,3 объектілерін газға көшіру мәселелеріне кеңірек тоқталды. 

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы ақпан айында Санжар Жаркешов QazaqGaz басқарма төрағасы болып тағайындалды. Соңғы жартыжылда қабылданған жедел шаралар Қазақстанның ішкі нарығында тауарлық газ тапшылығының алдын алуға көмектесті. Газды барлау мен өндірудің жаңа жобалары есебінен ресурстық базаны кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.