Сондай-ақ, алқа отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС төрағалары баяндама жасады.

Есептерді ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, әкімдердің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың және басқа да мүдделі кәсіпорындардың өкілдері тыңдады.

Қазақстанның газ саласының негізгі көрсеткіштері туралы баяндай отырып, Болат Ақшолақов 2021 жылы газ өндіру көлемі 53,8 млрд.м3, 2022 жылға арналған жоспар – 54,5 млрд. м3 құрағанын айтты. 29,4 млрд.м3 тауарлық газ өндірілді, 2022 жылға арналған жоспар – 29,6 млрд. м3. Газ экспорты – 7,2 млрд.м3, 2022 жылға арналған газ экспортының күтілетін көлемі – 5 млрд. м3 құрады.

Энергетика министрі 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру 57,7%-ды құрағанын, немесе 11 млн. азамат газға қол жеткізе алатынын атап өтті. Өңірлерді дамыту трансферттері шеңберінде ағымдағы жылы газ инфрақұрылымы құрылысының 96 жобасын іске асыру жоспарланған, 59 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін 38 нысанды аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, 2022 жылы қолданыстағы «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырын күрделі жөндеуді бастау, сондай-ақ «Мақат-Солтүстік Кавказ» және «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырларының қатарлас желілерін салу жоспарлануда.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті және елдің батыс өңірлерін дамыту үшін қосымша газ көлемін тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Маңғыстау облысында туристік кластерді дамыту үшін 2022 жылы «Сарша» жерін және «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыруды аяқтау жоспарлануда, бұл Каспий теңізі жағалауындағы туристік кластердің 10-нан астам объектісін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚР Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен және басқа да мемлекеттік органдармен үйлесімдікте әзірлеген Газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға ерекше назар аударылды. Атап өтілгендей, жоспар саланы «қайта жүктеуге» бағытталған және келесі іс-шараларды қамтиды.

Біріншіден, геологиялық барлау және жаңа және қолданыстағы кен орындарында газ өндірудің жаңа жобалары есебінен газдың ресурстық базасын ұлғайту.

Екіншіден, қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігін және коммерциялық тұтынушыларға бағаны нарықтық баға деңгейіне дейін көтеруді назарға алуы тиіс газға баға белгілеудің жаңа моделі бойынша жұмыстар жүргізу.

Үшіншіден, негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымының елеулі бөлігі кеңес заманында салынған және қауіпсіз пайдалануды сүйемелдеу үшін үлкен капитал салуды талап етеді. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жағдайына техникалық аудит жүргізу, сондай-ақ қаржыландыру көздері мен инвестицияларды қайтару тетіктерін айқындау қажет.

Төртіншіден, тұрақты газдандыруды жалғастыру үшін Газдандырудың бас схемасы өзектендірілетін болады, газдандыру объектілерін Ұлттық оператордың теңгеріміне беру қағидалары оңайлатылады.

Алқа мәжілісінде «QazaqGaz» Ұ»" АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов баяндамамен сөз сөйледі. Негізгі көрсеткіштер туралы баяндай отырып, компания басшысы өткен жылы газды магистральдық тасымалдау көлемі 95,4 млрд.м3 құрағанын атап өтті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 8,8 млрд.м3-ге жоғары, бұл негізінен Орта Азия және Ресей транзиті көлемінің ұлғаюына байланысты. Өткен жылмен салыстырғанда газ өткізу көлемі өзгерген жоқ және 23,5 млрд.м3 құрады. Ол өткен жылы «QazaqGaz» компаниялар тобы «Жаңаөзен-Ақтау» МГҚ-дан «Жетібай-Құрық» магистралды бұрып апаратын газ құбырын салу; «БГР-ТБА» МГҚ мен «Газли-Шымкент» МГҚ-да 2 газ өлшеу станциясы мен 2 вахталық кент салу сияқты жобаларды іске асырғанын айтты.

Бұдан басқа, Алматы қаласын газдандыру, мегаполистің газ тарату желілерін жаңғырту және қайта құру жалғастырылды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында 2-кезектегі 1 және 2 іске қосу кешендерінің газ тарату желілерінің құрылысы жалғастырылды. «Қашаған» МӨЗ құрылысы бойынша жоба іске асырылу сатысында.

Газ компаниясының басшысы бірқатар өңірлердегі газ тасымалдау қуаттарын жедел жаңғырту мәселесіне егжей-тегжейлі тоқтады. Айтылған деректер бойынша кейбір учаскелерде тозу деңгейі 90%-дан асады. Осыған байланысты, «Мақат-Солтүстік Кавказ» лупингін салу; «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырын жаңғырту; Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газдандыру үшін инфрақұрылымды кеңейту сияқты жаңғырту бойынша жобалар жоспарланған.

Бұдан басқа, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісін салу қажет, өйткені ішкі нарықтағы тұтынудың өсуі күтіліп отыр, бұл газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге инвестициялар салуды талап етеді.