«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Абзал Қисметов жұмыс сапары аясында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының газ инфрақұрылымы нысандарын аралады. Ол жөндеу жұмыстарының барысымен, сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының орындалуымен танысты.
Нысандарды аралау барысында дайындық жұмыстарының кестесін сақтауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне, жүргізілетін жөндеудің сапасына және алдағы жылыту маусымында магистральдық газ құбырларын сенімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
«Qazaqgaz» ҰК» АҚ компаниялар тобына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ газ тасымалдау жүйесі объектілерін күзгі-қысқы кезеңге дайындау жөніндегі іс-шаралар кешенін жалғастыруда. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізу және өндірістік объектілердің техникалық сенімділігін арттыру есебінен магистральдық газ құбырларының сенімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Өндірістік объектілерді жылыту маусымына сапалы дайындау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары биылғы 14 сәуірде бекітілді. Бүгінге дейін жоспарланған іс-шаралардың 45%-ы орындалды.
Объектілерді жылыту маусымына дайындау аясында өз күштерімен 461 құбыр ақауын жойып, күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Бүгінгі таңға 103 ақаулы құбыр қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, сегіз ірі нысанның төртеуі бойынша жұмыстар аяқталды, бұл жоспарланған жұмыстардың жалпы көлемінің 50% құрайды.
Жөндеу науқанының негізгі жобаларының бірі – «Орта Азия-Орталық» (САЦ) газ тасымалдау жүйесін күрделі жөндеуден өткізу. Жобаны іске асыру аясында 2026 жылы «САЦ-5» және «Лупинг САЦ-4» магистральдық газ құбырларындағы 4 047 ақауларды жою көзделген. Бүгінге дейін 2 715 ақау қалпына келтірілді, бұл жоспарланған көлемнің 67% құрайды.
Осы жұмыстардың қатарында «САЦ-5» магистральдық газ құбырының 1131-1008 км учаскесінде 1 738 ақау, 851-696 км учаскесінде 977 ақау жойылды.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр. Қажетті сынақтан өткізе отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау 2026 жылғы 30 тамызға дейін жоспарланып отыр.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Абзал Қисметов күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысына түсініктеме берді: «Газды тасымалдау сенімділігі мен ең жоғары жүктемелер кезеңінде елдің барлық газ тасымалдау инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуі - осы жұмыстардың сапасы мен уақытымен орындалуына тікелей байланысты. Алдағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шараларды іске асыру барысы QazaqGaz басшылығының тұрақты бақылауында».
Сапар аясында Абзал Қисметов «QazaqGaz Aimaq» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының да дайындық іс-шараларымен танысты. Облыстағы газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 10,5 мың км асады. Газбен 219,5 мың абонент және 4 637 кәсіпорын қамтамасыз етілген.
Дайындық жұмыстарының негізгі бағыттары:
- оқу-жаттығу сабақтарын өткізу және қажетті техникамен жабдықталған апаттық қызметтердің дайындығы;
- қызметкерлерді қыс мезгіліне арналған арнайы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз ету;
- газ құбырларына қызмет көрсету және жөндеу (белгілерді орнату, тіректерді жөндеу, коррозияға қарсы қорғанысты қалпына келтіру, құдықтар мен қоршауларды жөндеу, бұрандаларды ауыстыру, оқшаулаудың зақымдануын жою);
- газ реттеу пункттері мен олардың жабдықтарына техникалық қызмет көрсету;
- қысымды және газдың ауаға таралу мүмкіндігін болдырмау үшін бақылаумен қатар, газ жабдықтарын үнемі тексеріп отыру.
Сондай-ақ, жыл сайын газ құбырлары мен құрылымдарын жарамды күйде ұстау үшін кезекті жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Бүгінге дейін бүкіл ел бойынша жоспарланған жұмыстардың 40% орындалды. Qazaqgaz компаниялар тобының мамандары жылыту маусымының өту кезеңінде бүкіл тұтынушыларды газбен сенімді, қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмысты жалғастыруда.