«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Geoscience & Exploration Central Asia халықаралық геологиялық форумында сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол газға әлемдік сұраныстың артуы жағдайында геологиялық барлауды ұлттық компанияның стратегиясындағы маңызды тетік ретінде атап өтті.
QazaqGaz басшысы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шикі газ өндіру 68 млрд текше метрге, ал тауарлық газ өндірісі 27,4 млрд текше метрге жеткенін айтты. Оның пікірінше, бұл көрсеткіштер саланың тұрақтылығын және бір мезетте ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, экспорттық міндеттемелерді орындау мүмкіндігін көрсететіндігін жеткізді.
Бүгінде QazaqGaz геологиялық барлау белсенділігін күшейтіп жатыр. Бекітілген 11 учаскенің бесеуінде жұмыстар дербес түрде де, серіктестермен бірлесіп те жүргізілуде, болжамды ресурс көлемі 107 млрд текше метр деңгейінде. Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып отыр. Серіктестер қатарында Chevron мен Eni бар: олармен КТ-III және Каменковский учаскелері бойынша келісімдер жасалған, сондай-ақ Солтүстік-1 учаскесінде СNPC-мен геологиялық барлау жұмыстары бойынша келісімшартқа қол қою күтілуде.
Ұлттық компания Солтүстік-2 учаскесінде геофизикалық зерттеулерді жеделдетіп отыр; Малдыбай учаскесінде сейсмикалық барлау жұмыстары басталды. Саралжын учаскесінде геохимиялық және сейсмикалық зерттеулер жоспарланып, кейіннен екі барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген.
«Қаңтар айында QazaqGaz геологиялық барлау активтері портфелін кеңейту туралы өтінім берді. Соның нәтижесінде учаскелер пулына 25 учаске енгізілді. Болжамды жиынтық ресурс 1 трлн текше метрден асады: олар елдің негізгі шөгінді бассейндерін, соның ішінде Каспий маңы, Арал және Шу–Сарысу бассейндерін қамтиды», – деді Әлібек Жамауов.
Жаңа аумақтарды ескере отырып, QazaqGaz портфелі 31 перспективалы учаскеге және жалпы ауданы 110 мың шаршы километрден асатын 5 барлау блогына жетеді. Компания 2026–2028 жылдары көптеген учаскелерде ауқымды далалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін 2025 жылы Барханная кен орны өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген болатын. Бұл ретте QazaqGaz-дың негізгі активі – Амангелді кен орындары тобы. Кен орнындағы алынатын қор шамамен 15,2 млрд текше метрді құрайды.
Сөз соңында QazaqGaz басшысы компания стратегиясы - Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асатынын, яғни геологиялық барлауды жандандыру және жаңа көмірсутек ресурстарын игеруге бағытталғанын атап өтті.