2025 жылғы 17 қазан күні Астана қаласының «Сарыарқа» ауданындағы «Жаңадан қосылған учаскелерге газ жеткізудің 2-кезеңі» аясында үйлерге табиғи газ берілді.
Жоба «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының «2024–2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асырылды.
Жоба нәтижесінде бұған дейін газдандырылмаған 84 тұрғын үй иелері табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. 3,13 км газ тарату желісі тартылып, 2 шкафтық газ реттеу пункті (ШГРП) орнатылды. Инвестицияның жалпы көлемі 95 млн теңгені құрады.
Жобаның іске асырылуы тұрғындар үшін жайлы тұрмыс жағдайларын жасауға, жұмыспен қамтуды арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және табиғи газ негізінде жаңа өндірістерді ашуға мүмкіндік береді.
Газдандыру Астананың дамуына серпін беріп, қаланы бизнес жүргізу мен өмір сүруге барынша қолайлы етуге бағытталған.
Табиғи газға алғашқылардың бірі болып қосылған Дүйсенбек Азанұлы газ мамандарына алғысын білдірді:
– Барлығы өте жақсы жұмыс істеп тұр, газ тұрақты келіп тұр, үйіміз жылы! Газ мамандарының еңбегіне дән ризамыз.Газ деген өте ыңғайлы екен, енді көмір тасып, күл шығарудың қажеті жоқ. Пешті бір қостың, қажетті температураны бекіттің, болды. Кәзір, міне, жып-жылы үйде отырмыз.
Табиғи газға жаңадан қосылған тұрғындарды құттықтау сәтінде газ мамандары газды қауыпсіз пайдалану ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Қауіпсіздіктің басты кепілі – үйдегі түтін және желдету арналарының уақтылы тазалануы мен тексерілуі. Сондай-ақ газдың ауаға таралуы орын алса, дыбыс шығарып, дабыл қағатын және газдың берілуін автоматты түрде тоқтататын арнайы қондырғыларды орнату қажет.
– Табиғи газдың өзге отын түрлеріне қарағанда артықшылықтары көп. Көгілдір отын – адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Дегенмен, тұтынатын табиғи газымыз адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін оны тұрмыста пайдалану талаптарын қатаң сақтау қажет. Бұл өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірі үшін маңызды, – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының бас инженері Ержан Балабеков.