"ҚазТрансГаз" АҚ Түркістан облысы Қазығұрт ауданының алты елді мекеніне «көгілдір отын» жеткізетін газ құбырының құрылысын аяқтады, Қызылсеңгір, Тұғыртас, Заңғар, Қақпақ, Сырлысай және Бағыс ауылдарының тұрғындары табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл елді мекендерге газ "Қақпақ" автоматты газ тарату станциясынан арнайы салынған газ жеткізуші құбырлар арқылы берілетін болады. 

Нұралы Айтымбетов, Қақпақ ауылы тұрғыны:

 – Біздің ауылға ешқашан газ келмейтін шығар деп ойлайтынбыз. Біз үшін бұл қиялға сыймайтын жағдай болып тұр. Арманымыз орындалды. Осы істің басы-қасында жұрген барша азаматтарған айтар алғысым шексіз. Енді отынға қатысты мәселе болмайды.

«Енді қыс мезгілінде көмір жақпаймыз. Сол ақрқылы ақшамыз да үнемделеді. Біріншіден бағасы жылдан жылға өсіп бара жатқан қымбат көмірді сатып алмаймыз, оған қоса, енді жыл сайын үйді ақту-сырлау жұмыстарын жүргізбейміз» дейді тұрғындар.

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбековтың айтуынша, алты елді мекенді газдандыру аясында 4 газ реттеу пункті (ГРП), 1248 жеке шкафты реттеу пункті (ШРП) орнатылған, 107 шақырымнан астам газ тарату желілері салынған. Бұл құрылғылар 1723 жеке үй мен 2 әлеуметтік нысанды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен аптада іске қосылған «Таскескен» АГРС Сарыағаш ауданында тоғыз елді мекенді және Келес ауданында екі елді мекенді көгілдір отын жеткізетін болады. Алғаш болып Таскескен, Таскескен-2, Жылысу, Тегісшіл елді мекендері көгілдір отынға қосылатын болады. Аталған ауылдарда 20 мыңнан астам адам тұрады.

"ҚазТрансГаз" АҚ тарапынан барлық жұмыстар мерзімінен бұрын орындалды. Ауыл тұрғындарын осы қуанышты оқиғамен құттықтай отырып, газ қызметкерлері тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар (ескертпелер) таратты. "Газ – бұл игілік, бірақ сонымен бірге газбен жұмыс істеген кезде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс", - дейді газ мамандары.

Енді жергілікті атқарушы органдар мердігер ұйымдар салған газ инфрақұрылымының сапасын бақылауы тиіс. 

Жалпы Түркістан облысында 843 елді мекен бар, онда 1 983 967 тұрғын тұрады. Оның ішінде жалпы халқы 389 400 адамды құрайтын 7 қала және халқы 1 594 567 адамды құрайтын 836 ауылдық елді мекен бар.

Айта кету керек, өткен жылы газ тек Түркістан облысына ғана келіп қоймай, елорда мен орталық облыстарды газдандыру басталды, осының есебінен тұтынушылар саны айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 9,8 млн.адам және 51 мыңнан астам кәсіпорын көгілдір отынды тұтынып отыр.

"ҚазТрансГаз" АҚ баспасөз қызметі

Тел. +7-7172-55-23-16