Қосшы қаласында табиғи газ беру басталды. Газ құбырын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір барысында іске қосты. Тиісті рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қатысты.

Жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» жүзеге асырды. Оның жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрады.

Ұзындығы 409 шақырым болатын газ құбыры желілері сағатына 32,8 мың текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз етеді. Газ компаниясы өкілдерінің айтуынша, жаңа газ тарату қосыны 18 мыңнан астам абонентті тұрақты отын түрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл алдағы жылыту маусымында өте өзекті болып отыр.

Президент газдандыру жобасының халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және Астана мен агломерациясының орнықты дамуындағы маңыздылығын атап өтті.

Алғашқы абоненттердің бірі Ұлы Отан соғысының 100 жастағы ардагері Нұрқасым Әжітайұлы болды. Оның үйі Ақмола облысындағы алғашқы «ақылды есептегішпен» жабдықталған. «QazaqGaz Aimaq» мәліметі бойынша, елімізде осындай деректерді автоматты түрде беруді және шығындарды азайтуды қамтамасыз ететін 73 мыңнан астам құрылғы жұмыс істейді. 

«Қосшыны газдандыру – елімізді орнықты және сенімді газбен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біз адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін және экономиканы дамытуға қажет сенімді іргетас болатын жобаларды іске асырып жатырмыз», – деп атап өтті «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов.

Сондай-ақ, компанияда, көрсеткіштер жасанды сана арқылы танылып, жүйенің ашықтығын арттыратын мобильді қосымшаның іске қосылғаны туралы хабарлады.

Алдағы уақытта газдандыру жобасы Астананың барлық агломерациясын қамтып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасамақ және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.