«QazaqGaz» ҰК» АҚ-да Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстарды басқару комитетінің көшпелі отырысы өтті. Ұлттық компанияның корпоративтік орталығына бару аясында депутаттар Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ Түркістан облысы Жетісай ауданындағы үш елді-мекенде газға онлайн қосу рәсіміне қатысты.
«Елімізді газбен қамту стратегиялық тапсырма болып табылады. Мемлекет басшысы өңірлерді газдандыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Осы орайда халық арасында газды үнмді тұтыну негіздерін қалыптастыру керек. Біз газды үнемді тұтыну бойынша заң жобасын әзірлеп жатырмыз, Қазір құжатты қарастырып жатырмыз. Қажетті түзетулер енгізіп, қабылдаймыз. Бүгін осы және өзге де мәселелер бойынша QazaqGaz-да Комитеттің көшпелі отырысын ұйымдастырдық. QazaqGaz-дың барлық бағыты бойынша жасаған жұмысымен танысып, болашақ жоспарларын білдік. QazaqGaz ішкі нарықта ғана емес, сыртта да еліміз үшін пайдалы ауқымды жұмыстар атқарып отыр. Жұмыстарды барлық бағытта іске асыра берулері керек»,-деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.
Сонымен қатар, QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов комитет мүшелеріне компанияның 2022-2024 жылдардағы жұмыстың қорытындысы, сондай-ақ 2025 жылға арналған стратегиялық жоспарлар мен 2029 жылға дейінгі орта мерзімді приоритеттер туралы айтып берді.
«QazaqGaz 2023 жылдан бастап өз қаражаты есебінен газ тасымалдау жүйесінің ауқымды модернизациясын жасап, шамамен 700 млрд теңгеге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды. QazaqGaz портфелінің блоктары үшін инвесторлар тартылды. Бірнеше жобалар бойынша инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Ұлттық компания еліміз үшін тиімді шарттармен геологиялық барлау жобаларына 10 инвестордың қатысуын қамтамасыз етті», – деді Санжар Жаркешов.
Кездесу барысында QazaqGaz басшысы Қашаған кен орнындағы қуаты 1 млрд м³ газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) құрылысының ағымдағы жай-күйі туралы, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жобасының барысы туралы баяндады. Бұл жобалар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.
Депутаттар газ инфрақұрылымының тұрақты дамуы, компанияның экологиялық жауапкершілігі мен табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.