Парламент Мәжілісінде өткен жалпы отырыста депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемдеп тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар бастамашы болған заң жобасын Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин таныстырды.

– Соңғы жылдары елімізде газ тұтыну көлемі қарқынды өсіп келеді. Бұл үрдіс, бір жағынан, газдандыру саясатының нәтижесі болса, екінші жағынан тауарлық газды үнемді және жауапты пайдалану мәселесін күн тәртібіне өткір қойып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, энергия ресурстарының қолжетімділігі оларды бей-берекет тұтынуға негіз болмауға тиіс. Керісінше, дәл осы кезеңде энергия тиімділігі мен үнемшілдік қағидаттары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, – деді депутат.

Осыған байланысты заң жобасында газ тұтыну нормаларын бекіту және бағаны белгілеуге сараланған тәсілді қолдану ұсынылып отыр. Есепке алудың дәлдігі мен ашықтығын арттыру үшін деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу және газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте, депутаттың айтуынша, есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар тиімсіз делдалдар мен «қос тариф» мәселесін шешу үшін бір газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды бір мезгілде екі және одан да көп газ тарату ұйымының тасымалдауына тыйым салу енгізіледі. Олар магистральдық газ құбырына тікелей қосылуға міндеттеледі.

Иесіз газ құбырларына қатысты мәселені жою мақсатымен түзетулер арқылы жеке инвесторлар салған газ құбырларын құрылыс шығындары өтелгеннен кейін өздері қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беру міндеті енгізіледі.

Заң жобасында газ құю бекеттерінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нормалар да қарастырылған. Жаңа автогаз құю стансаларында  резервуарларды жер астына орналастыру ұсынылады, ал қолданыстағы стансаларда 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін резервуарларды жер астына көшіру туралы өтпелі кезең белгілеу көзделген. Сондай-ақ көлік құралдары мен тұрмыстық газ баллондарын заңнамада белгіленген орындардан тыс жерде газбен толтыруға тыйым салынады. Жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығын беру ұсынылады.

Тиісті өзгерістер мен толықтырулар «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі.

Депутаттар өңірлерді, елді мекендерді және әлеуметтік осал топтарды газдандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ олар мемлекеттік органдар өкілдерінен газды үнемдеп тұтынуға ынталандыру шаралары, тариф саясаты, газ өндіру және бөлу процестерін цифрландыру, ресурстық базаны толықтыру үшін геологиялық барлау, сондай-ақ ішкі газ өндірісін ұлғайту жөніндегі атқарушы органдар мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының нақты іс-әрекеттері туралы сұрады.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.