2025 жыл ұлттық компания бойынша Геологиялық барлау және күрделі құрылыс жылы болып жарияланды.

  «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов:

         - Тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз ету – біз үшін әрдайым басым міндет. Ең жоғары жүктеме кезінде – мысалы, қатты аязды күндері тұрғындарға тұрақты газ жеткізуге өз ресурсымыз жеткілікті.  Қажет болған жағдайда, жалпы көлемі шамамен 4 млрд м3 газ болатын өзімізге қарасты жерасты газ қоймаларындағы (ЖГҚ) газ қорының есебінен қосымша қамтамасыз ете аламыз.  

Күзгі-қысқы кезеңді алаңсыз өткізу үшін QazaqGaz жыл сайын наурыз айынан бастап жылыту маусымына дайындықты бастайды. Қыс мезгілінде ірі газ жеткізушілерінің кен орындары немесе газ өңдеу зауттарында қандай да бір кезектен тыс жөндеу жұмыстары орын ала қалса, қосымша газ көлемін алу үшін  «Газпроммен» қосымша газ көлеміне споттық келісімшарт жасастық. Бұған қоса, еліміздің оңтүстік өңірлеріне Өзбекстан арқылы газ транзитінің баламалы бағыттары қарастырылды. Сондықтан да жылыту маусымының ең қауырт кезеңдерінен абыроймен өтуге QazaqGaz ұлттық компаниясы толық дайын деп санаймын. Бұл QazaqGaz-дың өндіріс мамандарының орасан зор еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр.

         Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында биыл еліміздің 9 өңірінде 107 елді мекен газбен жабдықтау жүйесіне қосылды. Оларда тұрып жатқан 300 мыңға жуық отандасымыз «көгілдір отынды» пайдалануға қол жеткізді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Астана қаласын, астаналық агломерацияны, сондай-ақ Ақмола облысының елді мекендерін газдандыру қарқынды жалғасуда. Бүгінде елордада 70 мыңға жуық адам көгілдір отынды пайдаланады. 2024 жылы Жібек жолы ауылын газға қосу арқылы облыстың газдандырылған елді мекендерінің санын 16-ға жеткіздік.

Қазір "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл Жетісу облысының тағы 66 елді мекені газбен қамтамасыз етілетінін білдіреді, тұрғындар мен өнеркәсіп орындарын газбен жабдықтаудың сенімділігін қалыптастырады.

         Сонымен қатар, біз газды үнемді тұтыну қағидатын қалыптастыруға күш салудамыз. Осыған орай, тиісті заңдар мен тұтыну нормативтеріне түзетулер енгізу қарастырылып жатыр. 8 қазанда Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасының таныстырылымы болды. Құжат 2025 жылдың І тоқсанының соңына дейін түпкілікті бекітілуі тиіс.

         QazaqGaz және халықаралық геологиялық барлау компаниялары арасында бірқатар ірі келісімдерге қол қойылды. 

 Ішкі нарықта газды тұтыну көлемі елеулі қарқынмен артып келе жатқандықтан, компаниямыз геологиялық барлауға баса мән беріп отыр. Кейінгі екі жылда газ қоры бар 23 әлеуетті учаске қаралды. Соның ішінде 15 учаске QazaqGaz-ға бекітіліп берілді. Олар инвесторларды тарту арқылы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы Анабай кен орнының мүмкіндігі кеңейтілді, онда қысқа мерзім ішінде №17 ұңғыманы (3690 метр)  бұрғылау бойынша жұмыстар жүргізілді, ұңғыманың жоғары өнімділігін растайтын көлемді газ көзі табылды – тәулігіне 120 мың м3 газ аламыз, бұл жобалық көрсеткіштен екі есе артық. Сондай-ақ, №18 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталды, соның арқасында газ өндіру көлемі ұлғайтылады.

Айта кетер тағы бір жетістігіміз – 100 пайыз carry-қаржыландыру шарты бойынша Chevron компаниясымен Ақтөбе облысындағы КТ-III (Жәлібек) учаскесінде геологиялық барлау жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Яғни инвестор геологиялық барлау кезінде барлық шығын мен тәуекелді өз мойнына алады. Бұл еліміз үшін өте тиімді. Қазіргі уақытта Chevron қолда бар сейсмикалық деректерді ауқымды өңдеуді жүзеге асырып, техникалық талдау әзірлеп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасын табады.

QazaqGaz "КОР" ҰК-мен Маңғыстау облысындағы Аққұдық учаскесінде бірлескен геологиялық барлау туралы келісім жасасты және Ақтөбе облысындағы Шалқар учаскесіндегі жер қойнауындағы көмірсутектерді пайдалануға компания тарихында алғашқы келісімшартқа қол қойды. Геологиялық барлау жұмыстарының арқасында Жамбыл облысындағы Малдыбай учаскесінде жаңа газ кен орындары ашылды.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы болашағы зор Северный-2 учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізу бойынша "ҚазАзот" АҚ-мен келісімге қол қойылды.  

QazaqGaz Түрікменстандағы газ кен орындарын, соның ішінде "Галкыныш"  газ-мұнай кен орнын игеруге де қатысатын болады. Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары аясында біз және "Түрікменгаз" мемлекеттік концерні осындай стратегиялық келісімге қол қойдық.

Кен орындарын толық барлау және игеру жобаларының барынша дәл және жедел орындалуын қамтамасыз ету үшін QGGeoDigital цифрлық платформасы әзірленді. Болашақта осы платформаны жасанды интеллектіге (ЖИ) негіз ретінде, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылау орындарын анықтау үшін пайдалану жоспарланып отыр.

         

         Мемлекет басшысының Қатарға сапары аясында 2024 жылғы ақпан айында QazaqGaz жалпы сомасы 11 млрд доллардан асатын инвестициялық төрт келісімге қол қойды. Қатарлық UCC Holding-тің еншілес компаниясы Power International Holding-пен ынтымақтастық орнатылды. 

 Қазақстан тарихында алғаш рет газ саласына 11 миллиард доллар инвестиция салынбақшы. Қатарлық жобалар еліміздің экономикалық өсімінің маңызды факторына айналады. Өйткені олар газдың ресурстық базасын кеңейтуге және тасымалдау қуаттарын жақсартуға тікелей ықпал етеді. Бұл біздің елді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді.

         Келісімдердің бірі – "Ақтөбе – Қостанай" жаңа магистральдық газ құбырын салу үшін инвестициялар тарту туралы. Бұған қоса, біз еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін маңызды газ артериясы – "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісін салу бойынша бірлескен жобаны іске асырамыз. Сондай-ақ біз Қашағанда қуаты 2,5 млрд. текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу және салынып жатқан қуаты 1 млрд текше метр ГӨЗ-ді сату туралы екі келісімге қол қойдық. Бұл ретте қуаты 1 млрд текше метр ГӨЗ құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғастырылып жатыр.

         Газдандыру еліміздің халықаралық экологиялық міндеттемелерді орындауына ықпал етеді. 

Осы жылы Qazaqgaz бір маңызды жобаны – Алматы қаласында 2-ші және 3-ші жылу энергетикалық орталықтары (ЖЭО) үшін сыртқы газ инфрақұрылымын салуды аяқтады. Ол мынадай төрт нысанның құрылысын қамтыды: 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да екі автоматты газ тарату стансасы, TIP-04 жалғастырғыш газ құбыры және "Алматы – Байсерке – Талғар" магистральдық газ құбырының екінші желісі. Бұл бизнесті дамытуға және өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға мультипликативтік әсер етеді. Алматы жылу-электр орталықтарын көмірден газға ауыстыру өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына тікелей ықпалын тигізеді.

         Қазақстан тарихында алғаш рет біз Qarmet-ті — Еуразиядағы ең ірі металлургиялық комбинатты газдандырып жатырмыз. Ол әлі күнге дейін көмірді пайдаланады. Бұл жоба – Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға қосатын үлесіміз. Металлургтердің талай ұрпағы көмірден газға ауысуды армандаған еді, бізге сол арманды жүзеге асыру құрметі бұйырып тұр.

 Осы айда QazaqGaz Энергетика министрлігімен бірлесіп, "Әлеуметтік әмиян" қанатқақты сервисін іске қосты. Жоба Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) және тұрғынжай көмегін (ТК) алатын азаматтарды қолдауға бағытталған. Аталған өңірлердің АӘК және ТК алып жүрген тұрғындары eGov Mobile қосымшасының көмегімен табиғи газға 24 пайызға дейінгі жеңілдікті пайдалана алады. Сынақ кезеңінен кейін бұл жоба бүкіл елге таратылады.

         QazaqGaz саланы цифрландыруға баса мән беріп отыр 

"Ақылды" есептегіштерді орната отырып, тарату желілері мен абоненттерді цифрландыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Цифрланған абоненттер интерактивті картадан көрінеді. Соның көмегімен газды қалыпты тұтынбайтын абоненттердің орналасқан орнын анықтауға, есептегіштердің көрсеткіштерін жинауды бақылауға және газды есепке алудың ашықтығын арттыруға болады.

         Шымкент қаласындағы Таскен шағынауданында газды цифрлық есепке алудың қанатқақты жобасы аяқталды. Осыған ұқсас жұмыстар Астана мен Қарағандыда да жүргізілді. Жоба газ шығынын азайтуда және төлем тәртібін жақсартуда жоғары тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта біз жасанды интеллектіні қолдана отырып, осы жүйені бүкіл ел бойынша енгізетін боламыз.

         2023 жылы компания тұрғын үйлерге газ беру үшін eGov.kz арқылы онлайн-өтінімдер жүйесін енгізді. Бұл азаматтардың аталған қызметке қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір біз техникалық шарттарды беруге өтінімдердің 46 пайызын онлайн-платформалар арқылы алып отырмыз. Мұның өзі абоненттеріміздің газға қосылу үдерісін айтарлықтай жеңілдетті.

          Баға белгілеудегі өзгерістер 

         - Биылғы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – Қазақстан Республикасы Энергетикалық кеңесінің ішкі нарықтың шығынсыздығына қол жеткізу үшін баға белгілеу реформасын қалыптастыру жөніндегі шешімі. Бұл Қазақстанның газ саласының табысты болашағын айқындаған маңызды кезең деуге болады. Әлеуетті инвесторлар енді елдің газ жобаларына инвестиция салуға ынталы болады. Ол – геологиялық барлау мен газ тасымалдау инфрақұрылымын салуға арналған инвестициялар. Бұл шешім ішкі нарықта газды сатуды алдағы үш-төрт жыл ішінде шығынсыздық деңгейіне кезең-кезеңмен шығаруға мүмкіндік береді. Бірақ біз бағаның күрт өсуіне жол бермейміз.

         Мамандарымыз туралы

         - Әр қызметкеріміз – компаниямыздың басты құндылығы. Әріптестеріміз оқыту мен тағылымдамадан ұдайы өтіп, біздің серіктестерден әлемдік озық тәжірибені үйреніп жүр. Мәселен, биыл біз Eni-мен ынтымақтастықты күшейтіп, қызметкерлерімізге арналған курстар сериясын өткіздік. Біз осы жұмысты 2025 жылы одан әрі жалғастыруға ниеттіміз.

         Бұған қоса, QazaqGaz-да газ саласының бейінді мамандарының біліктілігін арттырудың және оларды кәсіби қайта даярлаудың бірыңғай корпоративтік орталығы – Оқу орталығы құрылды. Оның жұмысы аясында Solar Turbines, Baker Hughes сияқты шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – ғылымды, инновацияны және өндірісті интеграциялау, газ саласында отандық ғылымды коммерцияландыруды дамыту. Осы мақсатта Satbayev University-де QazaqGaz-дың мамандандырылған аудиториясын аштық. Біздің жұмысымызда профессорлардың, оқытушылардың және QazaqGaz мамандарының соңғы технологиялық әзірлемелері қолданылатын болады.

         QazaqGaz-дың жаңа жылға жоспары

         - 2025 жыл ұлттық компания бойынша Геологиялық барлау және күрделі құрылыс жылы болып жарияланды. Қазірдің өзінде өршіл жоспарлар әзірленді. Оларда жобаларды, соның ішінде газды геологиялық барлау жобаларын қысқа мерзімде іске асыру бойынша айқын мақсаттар мен міндеттер қамтылған. Саладағы қазіргі сын-қатерлерге қарамастан, біз барлық кедергіні біртіндеп еңсеріп келеміз.

         Мемлекет басшының биылғы Жолдауында газ саласын дамытуға ерекше назар аударылып, дамудың жаңа кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды. Бұл ретте бұрынғы жоспар тиісті кестеден оза іске асырылып, QazaqGaz-дың даму стратегиясының бір бөлігі де ойдағыдай орындалғандығын атап өтпекпін. Енді біз жаңа құжатты әзірлеуге кірістік. Аяқталғаннан кейін оны Үкімет бекітетін болады. Шын мәнінде біз газ саласын дамытудың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңіне көшіп жатырмыз. Сондықтан 2025 жыл біз үшін аса қауырт та жемісті жыл болуға тиіс.

         Сондай-ақ Мемлекет басшысы тарапынан газ саласының дамуына тұрақты бақылау жасалып отырғанын айтқан жөн. QazaqGaz командасының үйлесімді жұмысының, "Самұрық-Қазынаның", Энергетика министрлігінің, Үкіметтің және серіктестеріміздің қолдауының арқасында біз алдымызда тұрған негізгі міндеттерді іске асыру үшін маңызды қадамдар жасап, нық сеніммен ілгерілеп келеміз. Ал алдымызда бәрімізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз туындайтын қиындықтарды жеңіп қана қоймай, нақты нәтижелерге сенімді түрде қол жеткізуге дайынбыз.

2024 жылғы нәтижелердің арқасында біз газ саласын дамытудың жаңа эрасын бастап жатырмыз және 2025 жыл біз үшін өте қарқынды және жемісті болмақ.