Салтанатты рәсімді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты.
Жобаның технологиялық схемасына сәйкес, газ құбырының 2-ші желісінің жалпы ұзындығы 308 км, өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд м3 құрайды. Жұмыстарды жүргізу кестесіне сәйкес құрылысты аяқтау және пайдалануға беру 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. «Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында еліміздің ішкі нарығы бойынша табиғи газдың ең жоғары тұтынылу көрсеткіші байқалады, сондықтан екінші желіні салу маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие, сондай – ақ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді», - деді Санжар Жаркешов.
QazaqGaz басшысының айтуынша, мегажобаны іске асыру Маңғыстау облысының елді мекендерін, халықты, әлеуметтік объектілерді және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын жылумен-сумен жабдықтауға, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлардың алдын алуға және өңір халқына стратегиялық маңызды қызметтер ретінде газ беруді тоқтату қаупін болдырмауға, жұмысы тікелей тәуелді ірі кәсіпорындарды тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Маңғыстау өңірінің газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту қажет деген еді.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағымды мультипликативтік әсер ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Маңғыстау облысын тұрақты түрде газбен қамтамасыз ету үшін QazaqGaz ұлттық компаниясы Бейнеу-Жаңаөзен магистральдық газ құбырының екінші желісін салуды бастады. Бұл жобаны іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай - ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» газ тасымалдау жүйесіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жүйе үш желіден тұрады және Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының және облыстың МАЭК сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының табиғи газға деген қажеттілігін жабатын «Окарем-Бейнеу» магистральдық газ құбырының жалғасы болып табылады.