Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Тапсырыс беруші – «ҚазТрансГаз» АҚ. Мердігер «Интергаз Орталық Азия» АҚ 2015 жылдың соңына дейін «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырының 1365 шақырымында «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысын аяқтайды. Осы жоба аясында аудан орталығы Шаян елді мекеніне дейінгі 32 шақырымдық аралықта газ құбыры тартылмақ. Осы жұмыстар аяқталған соң келесі жылы Бәйдібек ауданындағы 52 елді мекендегі 55 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылады. Сонымен қатар Созақ ауданында да газ мәселесі шешімін таппақ. Салтанатты шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Жалпы биыл облысты газдандыру ісіне жергілікті облыс бюджетінен 11,5 млрд. теңге бөлінді. Бәйдібек, Созақ аудандарын «көгілдір отынмен» қамту ісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы «ҚазТрансГаз» есебінен жүргізіледі. Осы аудан тұрғындары атынан компанияларға алғысымды білдіремін», – деді.

Өңірлерді индустрияландыру және инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында мемлекеттік органдарға жүктелер міндет мол. Осыны терең түсінген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Ауызсу, жылу, газ секілді мәселелер де осы жобалардың қатарында. Облыста соңғы алты жылда 124 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сүйенсек, өңірдегі 254 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылған-ды. Өңірді табиғи газбен жабдықтау жұмыстары екі бағыт бойынша қолға алынған. Оның біріншісі − «Газли-Шымкент» магистральді газ құбыры. Осы жұмыс атқарылса, 2018 жылға дейін аймақтағы 391 елді мекен табиғи газ құбырына қосылмақшы. Былтыр аймақтағы 28 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілсе, биыл 70 елді мекенді газбен қамту, 6 жеткізуші газ құбыры мен 2 автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Нәтижесінде 65 елді мекеннің тұрғындары көмір жағу машақатынан құтылмақ. Қабылданған жоспар бойынша 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін табиғи газ тұтынатын елді мекендер саны 319 болады. Оңтүстікке газ жеткізудің екінші бағыты – «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистральді газ құбыры. Аталған құбыр арқылы облыстың 8 ауданындағы 284 елді мекенді табиғи газбен жабдықтау жоспарланған. Бүгінде облыстық бюджет есебінен 6 автоматты газ тарату стансасы мен аудан орталықтарына дейін жеткізуші газ құбырларының құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Сайрам ауданы мен Түркістан қаласындағы автоматты газ тарату стансаларының құрылысы облыс бюджеті есебінен қолға алынды. Өткен жылы «ҚазТрансГаз» АҚ мен облыс әкімдігі бекіткен меморандум аясында Түркістан қаласындағы №15 АГТС құрылысын аяқтап, газ құбырын іске қосты. Олардың қатарына Бәйдібек пен Созақ ауданы да қосылмақ. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Н.Шарипов елді мекендерге газ құбыры заман талабына сай жердің астымен тартылатынын жеткізді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан еліміздің барлық өңірлерінде өркениеттің озық үлгілері көрініс табуда. Бұл пікірге оңтүстіктегі игі істер дәлел.