«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қашағандағы қуаты 1 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылыс барысына инспекция жасады. Инспекцияға бас мердігер - «Kazakh Construction Group» ЖШС және оның акционері - «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдері қатысты.
Мердігер компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі статусы мен жыл соңына дейін қол жеткізілетін көрсеткіштерге тоқталды. KCG бас директоры Нұрлан Жалбыровтың айтуынша, қосымша мердігер компаниялардың жұмысшылар санын көбейту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
«Қазір іргетастарды бетондау, технологиялық жабдықтарды орнату, инженерлік және сыртқы желілерді орнату, сумен жабдықтау және кәріз жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, металл конструкцияларын монтаждау және оларды сырлау жұмыстары жасалып жатыр. Біз түнгі ауысымда қызметкерлер санын көбейтеміз және арнайы жұмыстарды, атап айтсақ, құбырларды монтаждауды және электр монтаждау жұмыстарын жүргізетін қосалқы мердігерлік ұйымдарды тартуды жалғастырамыз”,-деді ол.
Әлібек Жамауов құрылысты одан әрі жеделдету қажеттігін жеткізді. Өндіріс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын жіті назарда ұстау қажеттігін ескертті. Әсіресе, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігіне аса мән беруді тапсырды.
Анықтама:
Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 2000 астам маман жұмыс істейді, оның 1423 тікелей персонал. Түнгі ауысымға шамамен 194 қызметкер тартылған. Құрылыс алаңында 331 дана техника жұмыс істейді. Негізгі назар қауіпсіздік техникасына аударылып отыр. Әсіресе, түнгі ауысым кезіндегі қауіпсіздік шаралары басты назарда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша ілгерілеу:
- Түтін құбырларын орнату аяқталды;
- Іргетастарды бетондау, металл конструкциялар мен қызмет көрсету алаңдарын монтаждау және сырлау, технологиялық жабдықтарды орнату, сондай-ақ РВС-5000 типті резервуарларды және көлемі 600 м3 сфералық резервуарларды құрастыру бойынша жұмыстар орындалуда;
- Сыртқы инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде (НВК-2).
- GPCI вахталық қалашығында әкімшілік-тұрмыстық кешені және 140 және 132 орындық екі жатақханада шатырды монтаждау аяқталды. Тұрақты вахталық қалашықтың құрамына кіретін 140 және 132 орындық жатақханалар мен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарында ішкі бөлімдерді орнату және электромонтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстың негізгі түрлері бойынша көрсеткіш:
- Іргетастарды орнату бойынша бетон жұмыстары: 55 588 м³ (прогресс 73,3%)
- Металл конструкцияларын монтаждау: 5 081 тонна (25,1%)
- Механикалық жабдықты монтаждау: 4 415 тонна (45,3%)
- Резервуарларды монтаждау: 1 682 тонна (62,2%)
- Жерасты құбырларын төсеу: 21 208 м (48,8%)
Іссапар барысында Әлібек Жамауов Атырау облысында орналасқан Eskene сұйытылған газ терминалының (LPG) құрылыс барысымен танысты. Бұл нысан өңір үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызға ие. Сонымен қатар, нысан іске қосылған соң газ тасымалдау инфрақұрылымының маңызды элементіне айналады.