4 сәуір күні «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Атырау облысында газ инфрақұрылымын жаңғыртудың барысына тексеру жүргізді. Компания басшысы «САЦ-4 лупингі» магистральдық газ құбырының 696–735 км учаскесіне барды. Бұл жерде тасымал көлемін ұлғайтуға дайындық аясында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бірінші кезең аясында «Орта Азия — Орталық» жүйесінің құбырларындағы ақауы бар учаскелер ауыстырылып, жөнделді. Атқарылған жұмыстар маршруттың тәуліктік өткізу қабілетін 18 млн-нан 22 млн текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Біз өткен жылы САЦ-4 лупингіне жөндеу жұмыстарын бастадық: Макат-Құлсары-Опорная учаскесінде жұмыстар толық аяқталды, ал Индер-Мақат бағытындағы соңғы бөлікте жұмыстар әлі де жүргізілуде. Жаңғырту ең алдымен магистральдық газ құбырларының қауіпсіз пайдалануын арттыруға және газды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі күні газ тасымалдау жүйесінің нысандары халықаралық транзит пен ішкі нарықты газбен жабдықтауға дайын», — деп атап өтті Әлібек Жамауов.
Айта кетейік, газ тасымалдау жүйесін модернизациялау халықаралық транзит, сондай-ақ ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету мүмкіндігін де кеңейтеді.