"QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Атыраудың жылу беру маусымына дайындығын тексеріп, Талғайран елді-мекені маңайында салынып жатқан "Спутник"  автоматтандырылған газ тарату станциясына барды.

Сағатына 120 мың нм3 газ өткізу қабілеттілігіне есептелген жаңа станция Бесікті және Дамба ауылдарын, сондай-ақ Махамбет ауданының Алға кентіне дейінгі бөлігін қоса алғанда, Атыраудың сол жағалау бөлігін газбен қамтамасыз ете алады. Қажет болған жағдайда көгілдір отын диаметрі 400 мм құбыр арқылы қаланың оң жағалауына да жеткізіледі. 

Яғни жұмыс істеп тұрған "Атырау" ГТС-1 және “Финская” АГТС-на жүктемені азайтады.

Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, Атырауда газ тұтынудың жылдам өсуі жаңа қуаттарды жедел іске қосуды талап етеді. "Спутник" АГТС-ын пайдалануға беру - жаңа шағын аудандар мен инфрақұрылым объектілерін үздіксіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, газбен жабдықтау объектілерін инспекциялау барысында QazaqGaz басшысы "Орта Азия-Орталық-4" магистральдық газ құбырының жұмысымен танысты. "Интергаз Орталық Азия" АҚ "ОАО-4/ОАО-5" МГҚ құрама бағыты бойынша газ тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында ақаулы құбырларды ауыстыру және жөндеу  жұмыстарын атқарып келеді. Өткен жаз мезгілінде 6000-нан астам ақаулы құбыр ауыстырылды. Сондай-ақ, бүгінде "ОАО-4 лупингінің» ақаулы құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 337 құбыр ауыстырылды. 

Тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты үздіксіз газ транзитін қамтамасыз ету үшін тағы 799 ақауды жою жоспарлануда. Жылыту маусымы басталғанға дейін магистральдық газ құбырындағы барлық жұмыстар аяқталады. 

Өз кезегінде, QazaqGaz компаниялар тобы газ жүйесіне жүктеме артатын күзгі-қысқы кезеңде газдың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін бар күшін салады.