«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде отандық газ саласында жасалып жатқан реформалар туралы айтты.
QazaqGaz басшысы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жасаған баяндамасында соңғы жылдары елімізде газ саласының әлеуетінің өсуі байқалғанын атап өтті. «Атап айтқанда, газдың ресурстық базасы белсенді түрде дамып келеді, бұл өз кезегінде тауарлық газ тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. 2022-2023 жылдар аралығында QazaqGaz газ тасымалдау жүйесіндегі 3 мыңнан астам күрделі ақауларды жойып, тұрғындарды және ел экономикасын тұрақты түрде газбен қамтамасыз етіп отыр»,-деді Санжар Жаркешов.
«QazaqGaz жыл сайын ішкі нарықтағы газ бағасын 200 миллиард теңгеге субсидиялайды. Бұл ретте отандық газ саласын рентабельді ету үшін белсенді шаралар қабылдануда», - деп атап өтті өз сөзінде Санжар Жаркешов. Ол сондай-ақ әлеуметтік әділетті баға реформасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына ешқандай әсер етпей, кезең-кезеңімен ырықтандыру енгізіліп жатқанын, жер қойнауын пайдаланушылардан газдың жаңа көлемін сатып алудың ынталандырушы баға формуласы бекітілгенін атап өтті.
Атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде. Үкіметтің, Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен газ транзиті мен экспорты бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, CNPC/PetroChinaмен 2023-2026 жылдарға арналған жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге инвесторлар да тартылуда.
«Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жолында нақы қадамдар жасалды. Инвесторлар да бар», – деді Санжар Жаркешов.
- Chevron компаниясымен Ақтөбе облысының КТ-III учаскесінде (Жәлібек) геологиялық барлау жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Келісім 100% carry-қаржыландыру шартымен жүзеге асырылады.
- Қатар Мемлекетімен құны 11 млрд долларды құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылды. Олар: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 2-ші тармағы, Қашағандағы газ өңдеу зауыттары және Ақтөбе-Қостанай газ құбыры жобалары.
- Шетелдік инвестормен бірлесіп, құны 1,35 млрд долларды құрайтын карбамид зауытының құрылысы жоспарланған.
- Қашаған кен орнынан сұйытылған газ терминалын салу құрылысы жобасы басталды. Басты мақсат – 2025-2026 жылдардан бастап, ішкі нарықтағы дефицитті төмендету.
2023 жылы QazaqGaz өз бюджетінен 400 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырды. Кейбіреуін атап өтсек:
- - «Сарша елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыру жобасы;
- - «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбырының лупингі» жобасы;
- - Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының 2-ші тармағы;
- - Алматы облысында жылу электр орталықтарына газ инфрақұрылымын салу жобасы;
«Еліміздің газ саласы Қазақстан экономикасының басты драйверіне айналады деген сенімдеміз. Газ саласы реформасының әрі қарай жүзеге асырылуы өте маңызды», – деп атап өтті QazaqGaz басшысы.