«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының жұмысымен танысты. Инспекция барысында ұлттық компания басшысына апаттық-диспетчерлік қызметтің, колл-орталықтың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, газ тарату желілерінің автоматтандырылған жүйесі құрылғаны туралы айтылды.
«Біздің басты мақсат – халықты тұрақты түрде газбен қамтамасыз ету. Біз бұл бағытта өз міндеттемелерімізді толықтай орындап жатырмыз. Сонымен қатар, цифрландыру бағытындағы жұмысты жалғастырудамыз. Біздің еншілес ұйымымыз - QazaqGaz Aimaq бұл бағытта ауқымды жұмысты атқарып жатыр», - деп атап өтті Әлібек Жамауов.
Жалпы, өткен жылы ҚР Энегетика министрлігі, Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдіктері және «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлескен күш-жігерінің арқасында 22 535 шаңырақ газға қол жеткізді. Бұл тұста Ақмола облысында Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды, Қараөткел ауылдары мен Қосшы қаласы, ал Астанада «Кірпішті», «Family Village», «Тельман» тұрғын алаптары табиғи газға қосылды. Нәтижесінде ауа райы суық аймақта тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, игі қадам экологиялық жағдайға оң әсерін тигізуде.
Бүгінде көгілдір отын қолданушыларының тұрмысын жақсартуға арналған QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасына 630 мың тұтынушы тіркелген. Қосымша арқылы табиғи газ есептегішінің 242 мың көрсеткіші қабылданды. Тұтынушы есептегіш көрсеткішін айына бір рет телефонға суретке түсіріп жіберсе болды, жасанды интеллект деректерді өзі танып, дұрыстығын тексереді.
Кездесу қорытындысында QazaqGaz басшысы жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін бақылауды тапсырды. Ол сондай-ақ, тұрмыста газды қауіпсіз пайдаланудың маңыздылығын еске салды.