«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Әлібек Жамауов XVI KAZENERGY Евразиялық форумының «Газдың болашағы: энергетикалық трансформацияның кілті» сессиясында сөз сөйлеп, елдегі газ өндіру өсімі мен негізгі заңнамалық бастамалар туралы айтып берді.
Деректерге сәйкес, Қазақстандағы газ өндіру көлемі 2024 жылы 59 млрд текше метрден 2029–2030 жылдары 74 млрд текше метрге дейін артуы мүмкін. Өсімді жаңа кен орындарының іске қосылуы және жұмыс істеп тұрған активтердегі өндіру көлемін ұлғайту қамтамасыз етеді. Бұл ішкі нарықтағы газдың маңыздылығынан хабар береді.
Әлібек Жамауов газ саласының тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар реформаларды да атады. Олардың ішінде:
- тұтынушылар үшін газ тұтынудың жаңа нормаларын бекіту;
- деректерді қашықтан жіберуге автоматтандырылған есептеу жүйелерін енгізу;
- мұнай-газ-химия жобаларына арналған ұзақ мерзімді газ бағаларын орнату;
- QazaqGaz балансына газ жабдықтау объектілерін беру процедурасын жеңілдету;
- газ желілеріне қосылу кезінде шағын бизнес үшін кедергілерді азайту.
Елімізді газдандыру бойынша, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 45 жобаны жүзеге асыруға 65,9 млрд теңге бөлінді, оның 31 жобасы 2025 жылы аяқталады. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры 55 жобаға 46,5 млрд теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 2025 жылы 29 елді-мекенде шамамен 292,7 мың адам газға қол жеткізеді, газдандыру деңгейі 63,8%-ға жетеді.
Тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылуда. Құны 131,7 млрд теңге болатын «Талдықорған – Үшарал» негізгі газ құбырының құрылысы аяқталуда.
«Бұл шаралар саланың тиімділігі мен сенімділігін арттырып, тұрғындар мен өндіріс үшін тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға жағдай жасайды», – деп түйіндеді Ә. Жамауов.