Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов компанияның 2025 жылғы қызмет қорытындысы және 2026 жылға арналған міндеттері туралы баяндама жасады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша газды магистральдық тасымалдаудың жалпы көлемі 88,5 млрд м³ құрады. Жер қойнауын пайдалану саласында бес келісімшарт жасалды (Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2, Саралжын). Үш учаске бойынша стратегиялық серіктестер тартылды, екі учаскеде геологиялық-барлау жұмыстарын «QazaqGaz Барлау және Өндіру» ЖШС жүргізетін болады.

Стратегиялық серіктестермен келісімдерге қол қойылды. Атап айтсақ, CNPC компаниясымен Солтүстік-1 учаскесі бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісім жасалды. Сондай-ақ, Eni компаниясымен Каменковский учаскесі бірлесіп зерттеледі. Chevron компаниясымен КТ-III учаскесі бойынша жасалған келісім аясында 3D-сейсмикалық барлау деректерін өңдеу және интерпретациялау аяқталды, экономикалық бағалау жүргізілуде. 

Сондай-ақ магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ сақтау қоймаларын құру үшін перспективалы құрылымдарды талдау жөніндегі есеп дайындалғаны бөлек атап өтілді.

2026 жылға арналған міндеттер:  

  • QazaqGaz-ға 22 жаңа учаскені бекітіп беру; 
  • Солтүстік-1 бойынша CNPC-мен және КТ-III бойынша Chevron-мен жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын жасасу; 
  • Каменковский учаскесін Eni компаниясымен бірлесіп зерттеу; 
  • Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу–Сарысу бассейндері аумақтарында жер қойнауын геологиялық зерттеуге үш лицензия алу; 
  • Балқаш шөгінді бассейнінің перспективаларын талдау.

QazaqGaz басшысы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы туралы да баяндады. Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауытының құрылысы 55,67% деңгейінде орындалды, негізгі жабдықты жеткізу 95% аяқталды. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі жобасы бойынша базалық жобалау 100%, инженерлік ізденістер 98% деңгейінде аяқталды.

Қазақстанда газ мотор отыны нарығын дамыту бағытында 24 АГТКС жұмыс істейді, оның 7-еуі — QazaqGaz-ға тиесілі. 2026 жылы QazaqGaz Onimderi франшизасы бойынша Алматыда, Таразда және Жетісу облысында тағы төрт станция ашу жоспарлануда.

Баяндаманың жеке бөлігі цифрландыруға арналды. Aqyl Energy жобасы аясында жасанды интеллект қолданылатын шешімдер енгізілуде: eGov платформасындағы ЖИ-агент, мобильді қосымшада есептегіш көрсеткіштерін автоматты тану, тұтынуды талдау және болжау. 

Сондай-ақ eGov Mobile қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» сервисін енгізу жалғасты. 

Қорытындылай келе, 2026 жылы басымдық ретінде газдың ресурстық базасын ұлғайту, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және газ саласын одан әрі цифрлық трансформациялау бағыттары сақталатыны атап өтілді.