«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов China National Oil and Gas Corporation президенті Чэнь Хуайлунмен келіссөздер өткізді. Тараптар қолданыстағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылап, геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту ниетін растады.

Бүгінде тараптардың негізгі бірлескен жобасы – Ақтөбе облысындағы «Солтүстік-1» геологиялық барлау учаскесі. Жоба бойынша тараптардың өзара іс-қимыл шарттары мен міндеттемелерін бөлу тәртібін айқындайтын базалық келісімдерге қол қойылды. Оның табысты іске асырылуы бірлескен қызметті кеңейтуге және ауқымы үлкен бастамаларға көшуге негіз болады.

«Ұлттық компанияның алдында газдың ресурстық базасын едәуір арттыру жөнінде стратегиялық міндет тұр. Жуық арада геологиялық барлау жобалары портфелін кеңейту жоспарлануда», – деді Әлібек Жамауов.

Кездесу барысында тараптар CNODC Қазақстандағы газ жобаларын дамытудағы негізгі әрі стратегиялық маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. QazaqGaz тараптар арасында қалыптасқан ашық және кәсіби диалогты жоғары бағалайтынын жеткізді.