Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары аясында "QazaqGaz "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов ExxonMobil басшылығымен кездесті. Келіссөздерге корпорацияның аға вице-президенті Питер Ларден және ExxonMobil Kazakhstan Inc басқарушы директоры Сесиль Ролин қатысты.
Кездесу барысында тараптар жалпы өзара іс-қимыл мәселелерін және Қазақстандағы ынтымақтастықтың бағытын талқылады. Келіссөздер QazaqGaz басым жобаларында бірлесіп жұмыс істеудің стратегиялық аспектілері бойынша пікір алмасу және Қашаған кен орнындағы жұмыстарды жүргізудегі әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделілікті растау тақырыбын айшықтады.
ExxonMobil – әлемнің 60-тан астам елінде жетекші қызмет атқаратын ірі халықаралық энергетикалық корпорациялардың бірі. Компания мұнай мен газды барлаумен және өндірумен, мұнай өнімдерін өндірумен және сатумен, сондай-ақ төмен көміртекті технологиялар саласындағы озық шешімдерді әзірлеумен айналысады.