«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов халықаралық талдамалық агенттік S&P Global Commodity Insights вице-президенті Мэттью Сейгерспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар әлемдік газ нарығындағы өзекті үрдістерді, олардың даму перспективаларын, сондай-ақ талдамалық және сараптамалық өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ салалық сараптаманы дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға өзара қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, QazaqGaz-дың баспасөз орталығында компания қызметкерлеріне арналған «Газ туралы диалог: жаһандық трансформациялар контексіндегі көзқарас» атты семинар өтті. Іс-шараға халықаралық сарапшылар қауымдастығында кеңінен танымал S&P Global Commodity Insights компаниясының мамандары қатысты.

Қытайдың газ саласын зерттеп жүрген сарапшы Тяньши Хуан аспан асты еліндегі газға деген сұраныс пен импорттың динамикасына шолу жасады. Оның айтуынша, табиғи газға деген тұрақты сұраныстың артуына келесі факторлар әсер етуде:

  • өнеркәсіптің көмірден газға көшуі;
  • халықты газбен қамту жүйесін кеңейту мақсатында газ құбырлары желісін дамыту;
  • сұйытылған табиғи газ (СТГ) нарығын дамыту және автокөліктерді СТГ-ға көшіру.

Тяньши Хуан атап өткендей, болашақтағы тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Қытай газ импортының көлемін арттыруға ұмтылады. Бұл өз кезегінде газ экспорттайтын елдер, соның ішінде Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстанның газ нарығын дамыту аясында Мэттью Сейгерс жаһандық энергетикалық үдерістерге интеграцияланудың маңыздылығын атап өтіп, QazaqGaz компаниясының өңірлік нарықтағы негізгі ойыншы ретіндегі әлеуетін жоғары бағалады.